Елордада халықаралық опера академиясы ашылды

2 Шілде 2021, 16:29
1310
Бөлісу:
Елордада халықаралық опера академиясы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 4 шілде күні «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Astana Opera халықаралық опера академиясы ашылады.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяровтың айтуынша, академияның негізгі мақсаты – еліміздің және тұтастай еуразиялық кеңістіктің жас әншілерін кәсіби тұрғыдан даярлау және оларды жоғары деңгейге жеткізуге жағдай жасау.

Бүгінде Қазақстанда кәсіби вокал мектептері бар, ол жерде опералық ән айту өнерін үйретеді. Біздің академиямыздың ерекшелігі – конкурстық тыңдау нәтижелері бойынша академияға түскен жас әртістер вокалдан сабақ алудан бөлек, екі жыл бойы түрлі пәндерді оқиды, демек бір мезетте түрлі салада кәсіби өсу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан бөлек, әлемнің танымал әншілері мен мол тәжірибесі бар тәлімгер ұстаздарды шеберлік сабағын өткізуге шақырамыз. Өздеріңіз білетіндей, операның отаны – Италия, сондықтан классикалық репертуардың айтарлықтай маңызды бөлігі итальян тілінде жазылған туындылардан тұрады. Сол себепті білім беру бағдарламасына шет тілін үйрену де енгізілді, - дейді Ғалым Ахмедьяров.

Ашылу салтанатында италиялық опера әншілері Маттиа Росси, Франческо Мелли, моңғол опера әншісі Бадрал Чулуунбаатар, қырғыз опера әншісі Саян Исин, «Астана Опера» театрының жетекші солистері өнер көрсетеді екен.

Бұл, әрине, елдегі эпидемиологиялық жағдайларға сәйкес ұйымдастырылады. Осы бағыттағы жұмыстарды алдағы күндері тамашалай аласыздар. Astana Opera халықаралық опера академиясының ашылуы – Астана опера труппасының солистеріне, сондай-ақ жас әншілерге, дирижерлерге, пианистерге біліктілігін, кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында жүзеге асып отыр, - дейді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.


Өзгелердің жаңалығы