Елордада гала-опера өтеді

28 Маусым 2019, 15:47
1847
Бөлісу:
Елордада гала-опера өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2 шілде күні «Астана Опера» үлкен залында гала-опера бағдарламасы өтеді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Ұлттық әрі әлемдік классика жауһарлары театр солистері, симфониялық оркестр мен хордың орындауында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады.

"Концерт мүмкіндігінше көріністі болуы үшін қоюшылар түрлі құралдар мен «аспаптарды» пайдаланды. Мұның ішінде нөмірлердің музыкалық мәні мен мазмұны, олардың орындалуы, режиссерлік тапқырлық, сценографиялық шешім, сахнаның техникалық мүмкіндіктері мен бейнепроекцияларды пайдалануы да бар. Бағдарламаның егжей-тегжейлі дүниелеріне дейін мән берілді, себебі әртістер тыңдарманға қуаныш сыйлаумен қатар, театрдың шығармашылық ұжымының барлық мүмкіндігін көрсетуі керек. «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында солистердің өз шеберлігі мен әртістік дарынын паш етулеріне мүмкіндік беретін үздік жеке ариялар, оркестрлік орындаушылықтың түрлі бояуларының молдығын жеткізетін симфониялық нөмірлер, көрерменнің шаттығын тудырып, рухын асқақтататын көпшілік хор көріністері ұсынылатын болады. Елордамыздың барша тұрғындарын жаздың осынау кешін бізбен бірге өткізуге шақырамыз", – деп атап өтті концерт режиссері Еренбақ Тойкенов.

Бұл кеште атақты қазақстандық сазгерлер мен батыс еуропалық классиктердің танымал ариялары мен дуэттері, симфониялық туындылары мен әндері шырқалады. Тыңдарман назарына Н.Ә.Назарбаевтың «Жерім менің» әні, қазақтың халық әні «Бүлдірген», А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсынан Абайдың ариясы мен соңғы көрінісі, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасы сынды ұлттық музыка өнерінің жауһарлары, сондай-ақ Дж.Россини, Дж.Верди, Дж.Пуччини, Ж.Бизе, Ш.Гуно, Ж.Оффенбах, П.Чайковский, Р.Щедрин, И.Кальман және т.б композиторлардың операларынан көріністер ұсынылмақ.

Концертке қазақстандық классикалық өнер жұлдыздары: ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Бибігүл Жанұзақ, Дина Хамзина, Медет Чотабаев, Жан Тапин, Мейір Байнеш, Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев; Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян; халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Қапонова, Назым Сағынтай, Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская, Болат Есімханов т.б. қатысады.
  
«Астана Опера» Симфониялық оркестрі мен хоры дирижер Руслан Баймурзинның жетекшілігімен өнер көрсетеді, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Өзгелердің жаңалығы