Елордада «Дон Карлос» операсы қойылады

20 Қыркүйек 2019, 11:27
2398
Бөлісу:
Елордада «Дон Карлос» операсы қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алғаш рет елордада Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсы сахналанады. Тұсаукесер қазанның 11 және 13 күндері «Астана Операның» үлкен залында өтеді.


Қоюшы дирижер – Алан Бөрібаев, спектакльдің қоюшы режиссері –  итальяндық режиссер Давиде Ливермор. 

"Бұл «Астана Опера» театрының репертуарындағы Дж.Вердидің үшінші операсы. Көрнекті итальяндық композитордың «Травиата», «Аида» сынды тамаша опералары афишамыздың сәнін келтіруде. «Дон Карлос» – күрделі, орындалуы қиын, бірақ жеңіл әрі жақсы қабылданатын опера. Спектакльдің барынша қызықты болатынына күмәніміз жоқ, себебі музыкасының өзі – керемет және тарихи бейнелерге толы. «Дон Карлосты» театрлар жиі сахналай бермейді, себебі опера жоғары кәсіби әншілердің үлкен құрамын талап етеді. «Астана Опера» труппасында жетекші сопранолар, тенорлар, баритондар және бас дауысты мықты солистер бар. Олардың бәрі қызу дайындыққа кірісіп кеткен", - деді «Астана Опера» МОБТ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.    

«Дон Карлос» операсы композитор шығармашылығындағы орны бөлек туынды, ол сазгердің қаламынан туған ұлы шығармалардың бірі болып қала бермек. Ол – композитордың көркемдік шығармашылығындағы бетбұрыс. Осынау туындының музыкасы зор қарапайымдылығымен және бай әуендік иірімдері бар дыбысталуымен сипатталады. Бүгінгі таңда операның француздық, итальяндық нұсқалары әлемнің жетекші театрларының сахнасынан түскен емес.

Спектакльдер «Астана Опера» Симфониялық оркестрі және хорының қатысуымен өтеді.

Өзгелердің жаңалығы