Елордада «Бейбітшілік және келісім жолымен» тележобасының тұсаукесері өтті

3 Желтоқсан 2021, 18:14
952
Бөлісу:
Елордада «Бейбітшілік және келісім жолымен» тележобасының тұсаукесері өтті
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Бейбітшілік және келісім жолымен» атты тележобаның тұсаукесері өтті.

ҚХА төрағасының орынбасары Майя Бекбаева деректі фильмдер 6-10 желтоқсан аралығында «Хабар» және «Abai TV» телеарналарынан көрсетілетінін айтты.
Қазақстан халқы ассамблеясының сайтында да барлық 5 сериясы жарияланады. Фильмді түсіру барысында Қазақстанның барлық өңірін араладық. Мен үшін басты назарда көпбалалы отбасылар болды. Бұл жобада көрсетілген кейіпкерлерге Үкіметтің назарын аудару да үлкен мағынаға ие. Мысалы, Семейде көпұлтты отбасы бар. Олар қажеттілігі жоғары әртүрлі ұлттың балаларын асырап алады. Бұл отбасыны мен ерекше көрсеткім келді. Себебі оларға көмек көрсетілгенін қаладым. Оларға қала әкімдігі жәрдемдеседі. Алайда ол аз деп ойлаймын. Осындай отбасыларды біз үнемі насихаттауымыз керек, - деді ол.
Елордада «Бейбітшілік және келісім жолымен» тележобасының тұсаукесері өтті

Бекбаева айтқандай, фильмде осы сынды кейіпкерлер өте көп.

Оларды тауып, халыққа көрсету біздің мақсатымыз болды. Сонымен қатар Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысын да ерекше көрсеткіміз келді. Себебі «ҚХА немен айналысып жатыр, тек ұлттық киім киіп билегенді біледі» деп айтылатын пікір бар. Бұл орайда ақпарат беру аз деп ойлаймын. Себебі біз ақпарат берген кезде «ҚХА бір шара өткізді» деп береміз. Шын мәнінде, ҚХА ауқымды жұмыс атқарады. Мысалы, солтүстікте Аналар үйі белсенді жұмыс істейді. Ардагерлер кеңесі де тиімді жұмыс істейді, - деді ол.

Майя Бекбаева атап өткендей, елімізде Достық үйлері де маңызды жұмыс атқарып отыр.

Достық үйлерінде медиация кабинеттері де бар. Пандемия кезінде олар офлайн және онлайн форматта жұмыс істеді. Медиация кабинеттерінде кез келген даулы мәселені шешуге болады. Осы сынды кабинеттер барлық өңірде ашылуы керек деп ойлаймын, - деді Майя Бекбаева.

Деректі фильм 5 бөлімнен тұрады. Ол Қазақстанның әр өңірінде түсірілген. Фильмнің тұсаукесерінде алғашқы бөлімі Қарағанды облысында түсірілгені көрерменге көрсетілді. Сондай-ақ фильм әзірлегендерді ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.

Өзгелердің жаңалығы