Елордада башқұрт мерекесі өтті

19 Тамыз 2019, 21:56
2344
Бөлісу:
Елордада башқұрт мерекесі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Достық үйінде Башқұртстан Республикасының құрылғанына 100 жыл толуына арналған «Йыйын» дәстүрлі мерекелік шаралары өтті, деп хабарлады «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі. 

Достық үйінде дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Акбузат» башқұрт этномәдени орталығы мен «Дүниежүзілік башқұрт құрылтайы» халықаралық қоғамдық бірлестіктер одағы Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдауымен өтті. 

Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова кездесу барысында қонақтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы мен жүйесі жөнінде баяндады. Дүниежүзілік башқұрт құрылтайы президиумының мүшесі Хурматула Утяшев болашақта «Акбузат» БЭО-мен жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

Уфадан келген арнайы қонақ башқұрт ақыны, журналист Лариса Абдуллина башқұрттар мен қазақтардың рухани байланысын атап өтті. 

«Йыйын» - башқұрт халқының ежелгі дәстүрлі мерекесі болып табылады. Биыл екінші жыл қазақ жерінде осы мерекені тойлап жатырмыз. Сіздердің ыстық қошеметтеріңіз бен жылы жүздерінізді көріп, бүгінгі фестивалдің жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін», - деді «Дүниежүзілік башқұрт құрылтайы» халықаралық қоғамдық бірлестіктер одағының мүшесі Хурматула Утяшев. 

Шара барысында Утяшев башқұрт дәстүрі мен мәдениетін дамытуға зор үлес қосқан азаматтарға арнайы төсбелгі мен дипломдар табыстады. 

 Мерекелік бағдарламамен қатар, ұлттық ойындар да «Жетісу» саябағында өтті. Іс-шарада қатысушылар назарына «қапшықпен жүгіру», «қапшықпен төбелес», «тауып көр» және тағы басқа спорттық ойындар ұсынылды. Бұл сайыстарға қала тұрғындары да белсене қатысып, ұйымдастырушылар ұсынған түрлі сыйлықтарға ие болды.

«Бүгінгі мерекелік кеште мен «тауып көр» ойынына қатыстым. Көзімді жұмып, тәттілер ілулі тұрған дорбаны қайшымен кестім. Өте қызық. Осындай мерекелік кештер көп болса екен деймін» , - дейді қала тұрғыны Айгүл Дәрібаева.

Өзгелердің жаңалығы