Елордада Бараев көшесінде жаяу жүргіншілер променады ашылады

1 Мамыр 2022, 07:50
1756
Бөлісу:
Елордада Бараев көшесінде жаяу жүргіншілер променады ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Бараев көшесінде кезекті жаяу жүргіншілер жолы пайда болады. Республика даңғылынан Ш.Уәлиханов көшесіне дейінгі аралық абаттандырылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық урбанистика орталығының қызметкерлері айтқандай, бұл жаяу жүргіншілер үшін қаланың ең ыңғайсыз көшелерінің бірі. Яғни оның белгілі бір тұстарында жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жоқ, тұрғындардың емін-еркін жүруіне қиындық тудыратын, автотұрақ үшін пайдаланылмаған аумақтар бар. Ал кейбір жерлерде топырақтың биіктігі тротуардан да жоғары, бұл да жаяу жүргіншілер үшін қолайсыздық туғызады. Әсіресе жаңбыр жауғаннан кейін бұл қолайсыздық күрт артады. Сол сияқты мүмкіндігі шектеулі және халықтың аз қозғалатын топтары үшін арнайы пандустар қарастырылмаған, ал кейбір учаскелерде шұңқырлар пайда болған.

Естеріңізге сала кетейік, қыста Нұр-Сұлтан қаласының урбанистика орталығы мен Байқоңыр ауданы әкімдігінің қызметкерлері жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізген. Ұсыныстар мен өтініштер жиналғаннан кейін, қала тұрғындарының пікірі негізінде бірлескен эскиздік жоба жасалды. Нәтижесінде, аудан әкімдігі жобаны жүзеге асыруға кірісті.

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында Бараев көшесінде жаяу жүргіншілерге ыңғайлы көше салу жоспарланып отыр. Өздеріңіз білетіндей, былтыр Республика даңғылы кедергісіз орта тұжырымдамасы бойынша абаттандырылды. Бараев көшесінде де осындай жұмыстар басталды. Мұнда ағаш отырғызу, қысқа мерзімде демалыс орнын ашу және қала тұрғындарын қызықтыру үшін тиісті жағдай жасау жоспарланып отыр, - деді қалалық урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Абаттандыру мен көгалдандырудың жалпы ауданы 25 500 шаршы метрді құрайды. Аталған учаскеде маңайын сәндік ағаш торлары қоршаған 100-ден астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. «Адамдар тұратын қала» тұжырымдамасын іске асыру аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша биіктетілген жаяу жүргіншілер өткелдері ашылады. Көшені жарықтандыру да қарастырылған – бұрын қараңғы болған тұстарға шамдар орнатылады. Сонымен қатар, көшелерге арналған жиһаздар, арт-нысандар орналастыру жоспарда бар. Тозған тротуарлық төсемдер мен қоршаулар ауыстырылады. Айта кетерлігі, Бараев көшесінің жаяу жүргіншілер аймағы соңғы рет 15 жыл бұрын жөнделген болатын. Мүмкіндігі шектеулі, аз қозғалатын тұрғындар үшін кедергісіз орта құру мақсатында аталған учаскедегі тас төсемдері ауыстырылады. Ал ескілері өзге аудандар мен елді мекендердегі ағымдағы жөндеу кезінде пайдаланылатын болады.

Айта кетейік, биыл елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында 200-ден астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы