Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXVI съезі өтіп жатыр. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі және Саяси кеңестің жаңа құрамы қаралуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Съезді ашқан партия төрағасы Қайрат Айтуғанов съезге қатысу үшін 3 шілдеде еліміздің барлық өңірінде өткен партиялық конференцияларда 150 делегат сайланған. Қазіргі уақытта форумға 200-ден астам адам тіркелген. Олардың қатарында Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаттары, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері, жастар, медиа өкілдері және арнайы шақырылған қонақтар бар.
Бүгін біз партиямыздың алдағы бағытын айқындайтын маңызды шешімдер қабылдаймыз. Алдымызда еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезең – кезекті электоралдық науқан тұр, - деді Қайрат Айтуғанов.
Партия төрағасы соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған өзгерістер саяси жүйені жаңғыртуға, мемлекеттік институттарды нығайтуға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ ол 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция осы реформалардың маңызды кезеңіне айналып, азаматтар мен саяси партиялардың елдің дамуына белсенді араласуына жаңа мүмкіндік бергенін айтты.
“Ауыл” партиясы бұл реформаларды басынан бастап қолдап келеді. Біз күшті мемлекет дәйекті реформаларсыз, ашық саяси диалогсыз және қоғамдық-саяси институттардың жауапты жұмысынсыз қалыптаспайды деп есептейміз,-деді партия төрағасы.
Партия төрағасының сөзінше, бүгінде «Ауыл» партиясының алдында азаматтардың сенімін нығайту, қоғаммен ашық диалогты кеңейту және елдің дамуына бағытталған бастамаларды іске асыруға белсенді қатысу міндеті тұр.
Айта кетейік, кезектен тыс XXVI съезде партияның алдағы сайлауалды бағдарламасы қабылданып, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі мен Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітіледі.