Елордада жаңа оқу жылында 3 мектеп ашылады

28 Тамыз 2020, 15:02
3953
Бөлісу:
Елордада жаңа оқу жылында 3 мектеп ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінде» өткен баспасөз конференциясында қалалық білім басқарма басшысы Шолпан Қадырова айтты.

Елордада әртүрлі типтегі 399 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Барлық балабақша 17 тамыздан бастап кезекші топтар режимінде жұмысын бастады. Бүгінгі күні қала бойынша балабақшаларға 8000-нан астам бала барып жүр. Бұл тәрбиеленушілердің 15%-ы. Мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтар жұмыс жасау режимі бойынша балалар мен қызметкерлер, ата-аналар үшін жұмыс алгоритмі құрастырылған, - деді басқарма басшысы.

Қадырованың сөзінше, қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда 117 мектеп жұмыс істейді. 

Жаңа оқу жылында 3 жаңа мектеп ашылу жоспарлануда. 2 жалпы орта білім беру және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектеп. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша оқу жылының басында мектеп оқушыларының саны 202 мыңнан асады деген болжам бар. Сондай-ақ, 1-сыныпқа 26 мыңнан астам бала қабылданады деп күтілуде. Бүгінгі күні 23 164 өтініш түсті, - деді Шолпан Қадырова.

Алдағы оқу жылы оқушыларға арналған қашықтан оқыту форматында басталады. Тек 1-4 сыныптар үшін ата-аналардың өтініші негізінде балалар саны 15-тен астайтын «кезекші сыныптар» жұмыс істейді. Бүгінгі күні бастауыш сыныптарда 82 мыңнан астам оқушы болса, оның 50%-ы кезекші сыныптарға өтініш берді. Бұл 3002 кезекші сыныпты құрайды. 

Оқу процесі ҚР Білім және ғылым министрлігінің әдістемелік ұсынымдарына сай жүргізіледі.

Сабақтың ұзақтығы – 40 минут. Бірінші сыныпта сатылы режим. Әр сынып үшін түрлі уақыттағы үзілістер, маскаларды кию режимін қамтамасыз ету, оқу үстелдерін бір метр қашықтықтан орналастыру, білім алушыларға жеке парта мен орындықты бекіту, жеке оқу материалдарын пайдалану, әр сабақтан кейін кабинеттерді желдету, кварцтау. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп қажетті құрал-жабдықтар мен дезинфекциялық құралдар қорымен қамтамасыз етілді. Мысалы, кіреберістегі дезинфекция туннелі, кілемше, тепловизор, санитайзер, ылғалды дезинфекциялық жинақтарды қамтамасыз етуге арналған құралдар, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы