Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мектеп директорларымен кездесті. Кездесуде білім беру мекемелері жұмысының қазіргі проблемалары талқыланды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Оқушылардың дәстүрлі оқу форматына қайта көшкеніне екі ай өтті. Бұған оқушылар да, педагогтар да қуанып қалды. Бүгін мектеп директорларымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқыладық. Барлық мұғалім мен техникалық персонал екпе алған, дегенмен қатаң саннормаларды сақтауды жалғастыру қажет: маска тағып, мектепке Ashyq қосымшасы арқылы кіру керек, - деді әкім.Қала басшы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де назар аударатынын айтты.
Білім беру нысандарының барлығы камералармен жабдықталған. Мысалға өткен жылдың өзінде қосымша камералармен жабдықтауға 600 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ күзет қызметкерлерінің дайындығы мен біліктілігіне ерекше назар аудару, терроризмге қарсы оқу-жаттығуларды тұрақты негізде өткізу қажет. Білім басқармасына мектеп директорларымен бірлесіп, білім беру нысандарын дабыл сигнализациясы батырмаларымен, турникеттермен және т.б. жарақтандыруды, сондай-ақ, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді тапсырдым. Оқушылармен жеке түзету жұмыстарын тұрақты негізде жүзеге асыру керек, - деді ол.
Әкім елордада биыл 15 мектеп салынатынын айтты.
Бұдан басқа, білім беру нысандарының қолжетімділігі және жүргізілген инфрақұрылым мәселесі де маңызды. Жыл сайын жаңа мектептер санын да арттырамыз. Биыл 15 мектеп салынбақ. Бұл шамамен 40 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Салыстырар болсақ бұл 2020 жылға қарағанда екі есе, ал 2019 жылдан төрт есе көп. Келесі жылға дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Сонымен қатар, инфрақұрылым бойынша кесте жасалды: кірме жолдар, жаяу жүргіншілер жолдары, абаттандыру, - деді елорда әкімі.