Елордада 14 наурыздан бастап вирус жұқтыру көрсеткіші 24%-ға өскен

26 Наурыз 2021, 12:22
1177
Бөлісу:
Елордада 14 наурыздан бастап вирус жұқтыру көрсеткіші 24%-ға өскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында «Елордадағы эпидемиологиялық жағдай және медицина ұйымдарының КВИ-ға қарсы дайындығы» тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Бүгінде елордадағы коронавирустың инфекцияға қарсы эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз, Нұр-Сұлтан «қызыл» аймақта қалып отыр. 14 наурыздан бастап вирус жұқтыру көрсеткіші 24%-ға өскені байқалады. Күніне 150-ден 280-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптамен салыстырғанда бірдей деңгейде, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш - 121,1-ді құрады, - деді ол.

Дәрігер ақпан айында сырқаттанушылық динамикасы қаңтармен салыстырғанда 25%-ға төмендегені байқалғанын айтты.

Алайда бүгінгі күні соңғы алты айдағы ең жоғары көрсеткіш қаңтар айында орын алған жоғары деңгейдің қайталанып отырғанын байқаймыз. Тәулігіне 185 алғашқы жағдай тіркелді (симптомдары бар 118 жағдай, 67 симптомсыз жағдай). Осы мерекелік аптада науқастармен байланыста болғандар саны 10%-ға, яғни 500-ден 735 адамға дейін өсті. Бұл қала тұрғындарының карантиндік шараларды, оның ішінде үй карантин режимін сақтамағанын көрсетеді. Сонымен қатар өткен аптамен салыстырғанда балалар арасында аурудың 1,6 есеге, яғни 210-нан 339-ға дейін өсуі байқалды, - деді дәрігер.

Қазіргі уақытта белсенді ошақтар саны – 1517, оның ішінде: үй – 987, ұйымдастырылған – 538, онда 3417 байланыста болған адам медициналық бақылауда.

Өзгелердің жаңалығы