Елордада 1 мамыр күні қайда баруға болады?

30 Сәуір 2019, 20:45
3120
Бөлісу:
Елордада 1 мамыр күні қайда баруға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда 1 мамырда түрлі шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Елорда тұрғындары мен қонақтары «Ынтымағы елімнің, Елбасының еңбегі!» музыкалық-хореографиялық қойылымын тамашалайды. Ашық алаңда «Терра», «Наз», «Тұған жер» хореографиялық ұжымдары, «Алашұлы» тобы, «Z» триосы, сондай-ақ қазақстандық опера мен эстрада жұлдыздары Сүндет Байғожин, Медет Чотабаев, Зарина Алтынбаева, Маржан Арапбаева және ағайынды Жүгінісовтер өз өнерлерін ортаға салады. Мерекелік театрландырылған қойылым Нұр-Сұлтан қаласының этно-мәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының концертімен жалғасады. Сонымен қатар, жиналғандар алаңда ұйымдастырылатын белбеу күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату және қол күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен күш сынаса алады. 

Бұдан басқа, әрбір этно-мәдени бірлестік өзінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, оларды жайылған ақ дастарқанға қойып, көпшілікке ұсынады. Осы мақсатта алаңда галерея түрінде шатыр конструкциясы орнатылмақ. Мерекелік дастарқанның ұзындығы 50 метрді құрайды. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шара «Қазақ елі» алаңында сағат 10:00-16:00 аралығында өтеді. 

Осы күні сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін әкімдік алдындағы Қалалық алаңда (Бейбітшілік к-сі мен Абай даңғ. бұрышы) танымал эстрада әншілерінің концерті өтеді. Сахна төрінде Қанат Үмбетов, Газизхан, Ернар Айдар және т.б. өнер көрсетеді деп күтілуде. Мерекелік концерт жүргізушілері – белгілі шоумендер Азамат пен Антон және Дәурен Әмреев. Сондай-ақ, мереке қонақтары асық ату, арқан тартыс, гір көтеру және қол күресінен жарыстарда бәсекеге түседі. 

Сонымен қатар, 1 мамырда сағат 17:00-де EXPO Конгресс орталығында композитор Арман Дүйсеновтың «Арман достығы» атты шығармашылық кеші өтеді. Концертке Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева сынды танымал орындаушылар, «МузАРТ» тобы, Толқын Забирова, Жамиля Серкебаева, «Нұр-Мұқасан», Тоқтар мен Бейбіт, Индира Елемес, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали, Әйгерім Қалаубаева және шақырылған шетелдік артистер қатысады. Билеттер www.topticket.kz сайтында онлайн режимінде және қалалық кассаларда («Keruen city» СОСО, «Керуен» СОСО, «Астана» концерт залы, «Жастар» сарайы) сатылады. Билеттер құны 2000-8000 теңге. 

Бұдан басқа, елордалық театрларда, музейлерде және басқа да мәдени мекемелерде Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған тақырыптық көрмелер, спектакльдер, концерттер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Жалпылай алғанда, Нұр-Сұлтан қаласында 20-дан аса шараны өткізу жоспарланған. 

Өзгелердің жаңалығы