Елордада ЖИТС құрбандарын еске алу күніне орай акция өтеді

14 Мамыр 2019, 12:37
2847
Бөлісу:
Елордада ЖИТС құрбандарын еске алу күніне орай акция өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  2019 жылдың 3 айлық көрсеткіші  бойынша Нұр-Сұлтан қаласында АИТВ инфекциясын жұқтырған 50 жағдай тіркелсе,  оның 46 Қазақстан азаматтары. Бұл туралы елордадағы ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында өткен баспасөз конференциясында айтылды. 

Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде ЖИТС құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Атаулы күн қарсаңында халық көп шоғырланатын орындарда, әуежайда, теміржол вокзалдарында, ірі сауда ойын-сауық орталықтарында, қала саябақтарында "Өмір сүру үшін есте сақтаймыз!" ұранымен акциялар өткізіледі, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға арналған қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.

"Өздеріңізге белгілі, жыл сайын мамырдың үшінші жексенбі - АИТВ, ЖИТС құрбандарын еске алу күні. Бұл күн алғаш 1983  жылы Сан-Франциско қаласында аталып өткен", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының басшысы Сәбит Әбдірайымов.

Іс-шара, акциялар барысында орталық мамандары дерттің алдын алу және емдеу жолдары туралы кеңес беріп қана қоймай, тегін жедел тестілеуден өткізеді. 

"Яғни, біз ЖИТС құрбандарын еске ала отырып, ары қарай мұндай болмас үшін осы мәселеге  қоғамның назарын аударуымыз керек. Бұл дерттің алдын алу жолдарын, емделу жолдарын түсіндіруіміз керек. Бұл дертке шалдыққандар өмірдің мәнін жоғалтып, емделу мүмкін емес деп ойлайды. Қазіргі уақытта ғылым мен медицина дамыған. Адам АИТВ дәрежесін алғашқы сатысында анықтап, тиісті ем-шаралар қолданса өмір бойы АИТВ сатысында қалып, ЖИТС сатысына өтпеуіне мүмкіндігі бар", - дейді бас дәрігер. 

АИТВ індеті тарала бастағалы әлемде шамамен 77 миллион адам дерт жұқтырып, 35 миллионнан астам адам ЖИТС-пен байланысты аурулардан көз жұмған. Қазіргі уақытта әлемде 36,9 миллион адам АИТВ инфекциясымен өмір сүруде.
Өзгелердің жаңалығы