Көкшетаулықтар елорданың жаңа атауына қолдау білдірді

26 Наурыз 2019, 10:05
1916
Бөлісу:
Көкшетаулықтар елорданың жаңа атауына қолдау білдірді
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда елорданың Нұр-Сұлтан болып өзгеруін қолдауға арналған мерекелік шараға үш мыңнан аса адам жиналды.

«Бурабай» спорт сарайының алаңында ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысқан қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, спортшылар, қала тұрғындары Ұлт көшбасшысының мемлекет құрудағы рөлі туралы пікірлерін білдірді.

Алаңда «Жайнай бер, Нұр-Сұлтан!», «Мәңгілік ел – Қазақстан!», «Елімнің жүрегі – Нұр-Сұлтан!» деген сөздер жазылған плакаттармен шыққан жастардың қарасы қалың болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев Елбасының бастамасымен салынған Астанаға Нұрсұлтан Назарбаев есімінің берілуін көкшетаулықтардың да қызу қолдайтынын жеткізді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды әлемдік аренаға шығарды. Елордаға Тұңғыш Президент есімінің берілуі біздің елдігіміздің, рухымыздың жоғарылағанын көрсетеді. Елбасы Мәңгілік елдің астанасын салып берді. Алматыдан астанаға көшірген уақыт қазақ халқы үшін өте ауыр кезең болатын. Соған қарамастан, Елбасының батыл шешім қабылдап, астананы Сарыарқаның төсіне көшірген ерлігі тарихта мәңгі жасайтын есім. Сондықтан да, Нұр-Сұлтан қаласы баршамызға құтты болсын, ол біздің Мәңгілік еліміздің астанасына айналсын!», - деді Жабал Ерғалиев.

Атақты спортшылар да Елбасы есімінің ұлықталғанына ризашылықтарын жеткізді.

«Үлкен қиындықтардан елді алып шығу үшін қашанда көзсіз тәуекелдер керек. Арқа төсінен астана салу Елбасының сондай тәуекелі деп түсінеміз. Елорданы тұрғызу үшін Елбасы инвестиция тартты, әлемнің алға озған мамандарын, атақты сәулетшілерді шақырды, өз басындағы ойларын, идеяларын қағазға түсірді. Сөйтіп, қыруар қиындықтарды жеңе отырып, қазаққа жаңа астана салып берді. Демек, ол қаланың «Нұр-Сұлтан» атануы орынды, тарихи әділеттілік. Н.Назарбаев тек қана астананы салған жоқ, Тәуелсіз мемлекет құрды. Ондай тарихи тұлға, ұлт көсемінің есімімен қаланы атау оның еңбегін бағалау, елдің айбарын асыру», - дейді Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Нұрлан Жамалов.

Шарада сөз алған «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Сұлтанбек Бекішев, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің оқытушысы Хакім Хасамбай Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы жолында ерен еңбек сіңірген Елбасымыз қандай құрметке де лайық екенін жеткізді.

Елорданың «Нұр-Сұлтан» аталуына қолдау білдірген жұртшылыққа облысқа танымал өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.

Өзгелердің жаңалығы