Еліміздің ұлттық спорт өкілдері Ыстанбұлға аттанды

8 Маусым 2022, 22:02
4026
Бөлісу:
Еліміздің ұлттық спорт өкілдері Ыстанбұлға аттанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.КZ тілшісі. Еліміз ұлттық спортының бір топ өкілі Түркияның Ыстамбұл қаласында 9-12 маусым аралығында өтетін V Этноспорт мәдени фестиваліне аттанды.

Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай хабарлады.

Еліміздің ұлттық спорт өкілдері Ыстанбұлға аттанды

Аталған іс-шарада аударыспақтан бірнеше дүркін Азия чемпиондары Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров, теңге ілуден Азия чемпионы Ғалымжан Ізжанов пен Қазақстан чемпионатының жүлдегері Айдар Исраил қала қонақтары мен тұрғындарына қазақтың ұлттық ойындарын насихаттап, өнер көрсетпек.

Фестиваль бағдарламасына джирит, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, шөген тәрізді ат ойындарының көрсетілімі қосылған. Сондай-ақ, Қазақстан делегациясы Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына мүше елдердің V мәжілісіне қатысады – деді Рахат Жақсыбай.

Дәл осы уақытта ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазанат» ипподромында 3 маусымнан бастап, екі апта бойы Жамбы ату және теңге ілуден ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.

Кеше Теңге ілу және жамбы ату ұлттық спорт түрлерінен ересектер арасындағы Ел чемпионаты мәресіне жетті.

Теңге ілуден ҚР чемпионаты:

І орын: Сабыров Бәйдібек (Түркістан облысы)
ІІ орын: Ізжанов Ғалымжан (Түркістан облысы)
ІІІ орын: Төлтай Бақыт (Шымкент қаласы)
ІІІ орын: Исраил Айдар (Қызылорда облысы)

Жамбы атудан ҚР чемпионаты:

І орын: Тулыбеков Абзал (Жамбыл облысы)
ІІ орын: Жусубалин Нұрсұлтан (Ақмола облысы)
ІІІ орын: Сарыбай Айтбек (Түркістан облысы)
ІІІ орын: Өміртай Ғалымжан (Қызылорда облысы)

Алда жастар чемпионаты 9-13 маусымда, жасөспірімдер чемпионаты 15-18 маусымда өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл күзде Түркияның Бурса қаласында IV Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтетіні хабарланған болатын. Бурсадағы байрақты бәсекеге еліміздің ұлттық спорт құрамасы қазірден дайындықты бастап кетті.

Өзгелердің жаңалығы