Еліміздің бас шыршасы жағылды

20 Желтоқсан 2021, 08:00
1257
Бөлісу:
Еліміздің бас шыршасы жағылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Нұр Әлем» сферасының алдындағы алаңда еліміздің жаңа жылдық бас шыршасының шамын жағу рәсімі өтті. 

25 метрлік шырша қала тұрғындары мен қонақтарының қуанышына айналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Биіктігі 25 метр болатын шыршаның диаметрі 10 метрге жетеді. Ал салмағы – 4048 кг.

Шырша шамдарын жағу рәсіміне Аяз ата мен Ақшақар, спортта, оқуда, шығармашылықта жетістікке жеткен елордадық жасөспірімдер қатысты.

Шыршаға бір сәтте 1600-ден астам жаңа жылдық шарлар, 300-ге жуық үлкен және кішкентай ақ ұлпалар ілінді.

Бүгін керемет мереке, әсіресе балалар үшін. Отбасымызбен бірге қаладағы ең үлкен шыршаны көруге, коньки тебуге және таза ауада демалуға келдік. Оның үстіне ауа райы өте қолайлы болып тұр, – деп қала тұрғыны Анастасия алған әсерімен бөлісті.

Кеш қонақтары үшін қазақстандық эстрада жұлдыздары, оның ішінде Ринат Малцагов, Маржан Арапбаева, балалар хоры және т.б. өнер көрсетті.

Біз осы маңға жақын жерде тұрамыз. Серуендеп жүріп, жұрттың ақырындап жиналып жатқанын көрдік. Көп ұзамай шыршаның шамы жағылып, мерекелік концерт қойылды. Мұндай көңіл-күй жаңа жылдың жақындағанын еріксіз еске салады, – деді елордалық Меруерт Қайыпова.

Айта кету керек, елорданың барлық ауданында мұз қалашықтар, жаңа жылдық шыршалар, Аяз Ата мен Ақшақар, аққала және өзге де атрибуттар орнатылды.

Өзгелердің жаңалығы