Еліміздің үздік фотографтары киелі Алтайды суретке түсіріп қайтты

23 Шілде 2019, 15:24
2107
Бөлісу:
Еліміздің үздік фотографтары киелі Алтайды суретке түсіріп қайтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен аптада Фотоөнер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым бастаған бір топ фотографтар киелі Алтайды суретке түсіріп қайтты. Арғысы Маңғыстаудан, Оралдан, Түркістаннан, бергісі Алматы, Астанадан келген фотосуретшілер Өскеменде жиналды. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.

Шығыс Ақпарат медиахолдингі, Берел қорық мұражайы және Фотоөнер қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған фото-блогтурға келген фотографтар алдымен этноауылды аралады. Кешке қарай ашық аспан астында «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер фототілшісі Нұрманбет Қизатұлы мен «National Geographic Қазақстан» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадраховтың шеберлік сабағы өтті.

Ал ертесінде 15 фотограф артынып-тартынып Төр Алтайға, Катонқарағайға жол тартты. Васильев өткелінен пароммен өткен олар, түс ауа Алтайдың тұмса табиғатынан бірақ шықты.

Екінші күні Берел-қорық мұражайын аралап, сақтар мен түркілердің заманындағы жәдігерлермен танысты. Алдын ала жоспар бойынша фотографтар осы жерден екі топқа бөлінді. Бірі Берел ауылы тұрғындарының тыныс-тіршілігін түсіруге аттанса, енді бірі табиғатты түсіруге шықты. Табиғатты түсіру тобын бастаған Ерболат Шадырахов жас фотографтарға бағыт-бағдарын беріп жүрді.

"Киелі Алтай: Берел - 2019" фото блог-турының үшінші күні Мұзтаудың етегінде, Қаракөлдің жағасында өтті. Жаздың он төрт күні ғана ашық тұратын Мұзтау бұл күні бұлтты болды. Түсірілім тобы көл жағасына аппараттарын тізіп қойып, ымырт түскенше ақбас шыңның ашылуын күтті.

Киелі Алтайда түсірілген жауһар туындыларды Алматыда, Семейде, Өскеменде өтетін көрмеде тамашалауға болады.

Өзгелердің жаңалығы