Еліміздегі өндіріс орындарында жарақаттанушылар саны азайды

6 Қыркүйек 2019, 06:42
1502
Бөлісу:
Еліміздегі өндіріс орындарында жарақаттанушылар саны азайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың 7 айында өндірісте жарақаттану өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11% - ға төмендеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елорданың жекелеген кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының проблемалық мәселелеріне арналған кеңес барысында мәлімдеді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі - Еңбекмині), Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, Нұр-Сұлтан әкімдігінің және елорда кәсіпорындарының басшылары қатысты.

«Ағымдағы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша ел кәсіпорындарында 749 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11% төмен (2018 жылдың 7 айында – 842 адам), оның ішінде өліммен аяқталған – 82 адам, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 28% төмен (2018 жылы – 114 адам). Алайда, Нұр-Сұлтан қаласында өндірістік жарақат алу көрсеткіші айтарлықтай өсіп отыр», –  деді Б. Нұрымбетов.

2019 жылы қала кәсіпорындарында 34 қызметкер зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға артық (2018 жылдың 8 айында – 20 адам), оның ішінде 7 адам қаза болды (2018 жылдың 8 айында – 5 адам).

«Бұл, ең алдымен, 23 мамырда «Астана Су Арнасы» МКК-де орын алған, 4 адам қайтыс болып, 1 адам қатты уланған топтық жазатайым оқиғаға байланысты. Тергеу нәтижелері бойынша жазатайым оқиғаның негізгі себебі кәріз ішіндегі ауа талдауының газ талдағышпен жүргізілмегені, қызметкерлерге газ қағарлардың берілмегені, сондай-ақ, наряд-рұқсатнама бермей жұмысқа жіберілгені деп танылды. Осы себептерге сүйене отырып, жұмыс беруші лауазымды тұлғалардың кінәсі 100% дәлелденді» – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы