Еліміздегі ірі бизнесмендер зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіретін болды

18 Сәуір 2024, 15:51
4392
Бөлісу:
Еліміздегі ірі бизнесмендер зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіретін болды
Фото: Арман Мухатов - архив

Бүгін Премьер-министрдің төрағалығымен өткен арнайы комиссия соңғы отырысының қорытындысы бойынша 24 млрд теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды. Активтерді қайтару жөніндегі комитет Арнайы мемлекеттік қорды 2,2 млрд теңгеге толықтырды. Яғни Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған қаражат елдегі су тасқынының салдарын жоюға бағытталды. Бұдан бөлек табиғи апаттың салдарымен күреске еліміздің ірі бизнесмендер де өз үлесін қосып жатыр. BAQ.KZ тілшісі осы іске атсалысып, қаржы мен көмек бөліскен азаматтар мен компанияларға тоқталып көрді. 

Forbes тізіміндегілерге үндеу

Бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен су тасқыны болған аймақтарды аралап келген еді. Сол кезде ол апат салдарын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен жүздескен болатын. 

Осы кездесуге біраз меценат қатысып отыр. Мен сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің жүрек қалауларыңыз, азаматтық жауапкершіліктеріңіздің көрінісі. Мұның бәрін марапат үшін емес, шынайы ниетпен жасалған игі іс деп білемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.

Еліміздегі ірі бизнесмендер зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіретін болды
Фото: Ақорда

Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент еріктілерге зор құрметпен қарайтынын және жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтіп, оларға ризашылық білдірді.

Еліміздегі ірі бизнесмендер зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіретін болды
Фото: forbes.com

Ірі бизнестің көмегі

Осыдан кейін Kaspi.kz-тің негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмектесу үшін 20 миллиард теңге бөледі. Қаражат Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында тұрғын үйлерді жөндеуге, сатып алуға және салуға жұмсалады.

Kaspi.kz Директорлар кеңесінің төрағасы және негізін қалаушылардың бірі Вячеслав Ким баспанасыз қалған адамдар үшін уайымдап жатқанын жеткізді.

Мыңдаған отбасы көшірілді, олар өз үйлеріне қашан оралатыны белгісіз. Кейбір елді мекендерде су әлі де көтеріліп жатыр. Бұл апат ешкімді бейжай қалдырмайды. Мемлекет, бизнес және біздің азаматтар зардап шеккен аймақтардағы адамдардың өмірін қалпына келтіру үшін барын салуда. Біз Мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шақыруына қолдау көрсетіп, су тасқынының салдарын жоюға 20 миллиард теңге бағыттаймыз, - деді ол.

Kaspi.kz Басқарма төрағасы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзенің айтуынша, су тасқынының алғашқы күндерінен бастап адамдармен үнемі байланыста және жағдайды жақсы біледі. 

Біз бірден Kaspi.kz мобильді қосымшасында қайырымдылық көмегін жинауды ұйымдастырдық және Biz Birgemiz Qazaqstan қорына құтқару техникасын, жабдықтар амуницияны, жанармай және басқа да алғашқы көмекке қажетті заттарды сатып алуға қаражат аудардық. Өкінішке қарай, бірқатар аймақтарда жағдай әлі де қиын. Біз Президенттің бастамасын қолдау және осы қиын сәтте елге пайдалы болу өзіміздің азаматтық борышымыз деп есептейміз, - деді бизнесмен.

Наурыз айының соңында Kaspi командасы Kaspi.kz қосымшасында онлайн-қызмет ұйымдастырды. Оның көмегімен жағдайға бей-жай қарамайтын әрбір қазақстандық зардап шеккендерге көмектесу үшін Biz Birgemiz Qazaqstan қорына қаражат аудара алады. 

Kaspi.kz компаниясының өзі жолдарды жөндеуге, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз етуге, генераторларды, сорғыларды, үрлемелі қайықтар мен дәрі-дәрмектерді сатып алуға қорға 620 млн теңге бағыттады. 

Сондай-ақ, өткен аптада Вячеслав Ким Ақмола облысында 5 қабатты тұрғын үй құрылысының жобасын қаржыландырды және зардап шеккен елді мекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге қаражат бөлді.

Еліміздегі ірі бизнесмендер зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіретін болды
Фото: «Верный Капитал» компаниялар тобының баспасөз қызметі

Ал Қазақстандағы ең ірі бизнесмендердің бірі Болат Өтемұратов Ақтөбе облысының тұрғындарына 10 млрд теңге бөлді. Қаражат өмірлік маңызды инфрақұрылымды қалпына келтіруге, баспанасыз қалған адамдарға үй сатып алуға және оларды салуға бағытталады.

Су басу аймағындағы өңірлерде болып жатқан төтенше жағдайды қатты күйзеліп, қадағалап отырмын. Апаттың ауқымы өсуде, адамдарға шұғыл көмек қажет. Біз барлық күш-қуатымызды жұмсап, оларды қолда бар ресурстармен қамтамасыз етуді жалғастыра береміз. Президент қиыншылыққа тап болған мыңдаған отандастарымыз үшін қауіпсіздік пен ертеңгі күнге деген сенімділіктің кепілі бола отырып, алдыңғы қатарда тұр және оның шешімдері әрқашан біздің тарапымыздан қолдау табады, - деді Өтемұратов.

Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірде қазақстандық кәсіпкердің қоры су тасқыны салдарымен күресуге және табиғи апаттан зардап шеккендердің бірінші кезектегі мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге 680 миллион теңге бөлген еді.

Еліміздегі ірі бизнесмендер зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіретін болды
Фото: «Самұрық-Қазына» баспасөз қызметі

Компаниялар бөлген көмек

Су тасқыны басталғалы бері еліміздегі компаниялар да өз көмегін ұсынатыны жариялаған еді. Мәселен «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға 15 млрд теңге бөлетін болды. Компанияның хабарлауынша «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов портфельдік компаниялар басшыларының қатысуымен Төтенше жағдайларға ден қою жедел штабының отырысын өткізіп, су тасқыны мәселесін талқылаған.

Қор табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге жалпы сомасы 15 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді. Көмекті Қордың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Қазақгаз», «Кегок», «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» компаниялары көрсетті, – деді Жақыпов.

Ал «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев апатқа 5 млрд теңге бөлетінін жеткізді. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккен үйлердің құрылысына жұмсалмақ.

Су тасқынының салдарын жоюға Теңізшевройл компаниясы да 2 миллиард теңге қаражат бөледі. Бұл қаражаттан бөлек компания Атырау облысының әкімдігімен ынтымақтаса отырып, су тасқыны салдарымен күрес жүргізуде. Компания 90-нан астам мамандандырылған техника, шамамен 30 автобус, сондай-ақ азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай ұсынған.

Еліміздегі ірі бизнесмендер зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіретін болды
Фото: Ақорда

Ал Chevron компаниясы су тасқынынан зардап шекккендерге 3 млн доллар бөлетінін мәлімдеді. Қаражатты компания өзінің жергілікті «Шеврон Мунайгаз Инк.» еншілес компаниясы арқылы бөледі.

Сондай-ақ Қазақстанның тау-кен саласындағы компаниялары – KAZ Minerals Тобы мен «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету және Қазақстанның бірқатар өңірлерінде табиғи апаттың салдарын жою үшін 800 миллион теңге бөлді. 

Ал Eurasian Resources Group су тасқынына 500 млн теңге аударған. Компания мұның алдында 400 млн теңге, артынан қосымша 100 млн теңге бөлген. Соңғы қаражатты компания Павлодар облысында қарғын сумен күреске бағыттаған.

Көмек көрсеткен банктерге тоқталсақ, Halyk тобы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 млрд теңге бөлетінін хабарлады. Дәл осы көлемдегі көмекті Freedom Holding Corp. компаниясы да бөледі. 

Ал Jusan Bank су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін 300 миллион теңге аударды. Сондай-ақ Банк ЦентрКредит – 200 млн тенге, Еуразиялық банк – 200 млн тенге, RBK банк – 150 млн тенге бөлген.

Еліміздегі ірі бизнесмендер зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіретін болды
Фото: Ақорда

«Қазақстан халқына» қоры

Мемлекет басшысы кәсіпкерлер мен ірі компанияларды табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге барынша көмек көрсетуге шақырған болатын. Ешбірі аянып қалмады. Бүгінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 80-нен астам заңды тұлға мен 500-ге жуық жеке адамнан 2 млрд 400 млн теңгеден аса қаражат түскен.

Еліміздегі ірілі-ұсақты кәсіпорындардың ешбірі сырт айналған жоқ. Қаржылай көмектен бөлек, қолда бар техникасы мен қызметкерлерін бөгет салу жұмыстарына да үздіксіз жұмылдырып жатыр. 

Ал мына кестеде көріп тұрғаныңыз тек танымал 10 шақты компания мен мемлекеттік және жекелеген қорлардың, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көрсеткен көмегі. 

Әлі дәл осындай 70-тен аса кәсіпорын миллиондап қаржы аударып жатыр. Оларды «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми сайтынан көруге болады. Кәсіпорындардың атауы мен жіберген қаражатына дейін ашық көрсетілген.

Көмекті, ең алдымен, құрылыс және көлік-логистика секторларының компаниялары көрсетті. Бұл Eastcomtrans, B&A Contractors, KazVagonBuilding, Mabсо конструкциялары. Біз бұрынғы серіктестерімізді бөлек атап өтуге болады – бірінші кезекте 950 миллион теңге қосқан Қазақстан Халық банкі, «Достар» ЖШС, «KBI Energy Group», «Гаклия-Инсан», – деп нақтылады «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми өкілі Марат Мұхамедсалиев.

Бүгінде су тасқынына қарсы күресте бүкіл ел жұмылды. Атымтай жомарт жандардан бөлек қарапайым халық та қоғамдық қорға 100 млн теңге аударған. Тасқын судан зардап шеккен ағайынға қаржы жинау 30 сәуірге дейін жалғасады. Жиналған көмектің барлығы табиғи апаттан қираған үйлердің құрылысына жұмсалмақ.

Одан бөлек блогерлер мен жұлдыздар, ірілі-ұсақты қайырымдылық қорлары да шамалары жеткенше көмек қолын созуда. Айта кетсек, әнші Димаш Құдайбергеннің шетелдік фанаттары су тасқыны болған аймақтарға көмек жіберді. Ал ел арасында "Маскадағы жігіт" деп танылған адам зардап шеккендерге 1 млн доллар бөлді.

Өзгелердің жаңалығы