Еліміздегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі 160 жыл бұрын құрылған

17 Сәуір 2025, 20:58
714
Бөлісу:
Еліміздегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі 160 жыл бұрын құрылған
Фото: автордан

Әр жылдың 17 сәуірінде еліміздің өрт сөндірушілері өзінің төл мерекесін атап өтеді. Жалыннан жасқанбай, адамдарды ажалдан арашалап, өз міндеттерін адал атқарып жүрген мамандық иелері қандай құрметке де лайық, деп хабарлайды Оралдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы Қазақстандағы кәсіби өрт сөндіру ісі 1865 жылдан бастау алады. Сол жылы Орал қаласындағы Үлкен Михаиловская көшесінде алғашқы өрт сөндіру бөлімі құрылыпты. Яғни еліміздегі өртпен күрес қызметінің негізі қаланғанына биыл 160 жыл толып отыр. Ал шаһардағы брандмейстер, яғни бас өрт сөндіруші қызметі одан көп бұрын, 1804 жылы енгізілген екен. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне көне бөлімдегі мұражай басшылығы айтты. 

Орал қаласындағы қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Ғұмар Қараш көшесінің қиылысында орналасқан №5 өрт сөндіру бөлімінде бүгінде 60 маман еңбек етеді. 4 негізгі, 2 арнаулы техника бар. «Ивеко» және «КАМАЗ» көліктерінің шассиінде жасалған, қуатты су сорғылармен жарақтандырылған техникалар тілсіз жауды азғантай уақытта ауыздықтауға қабілетті болса, автосаты орнатылған АЛ-32 көлігі өрт сөндірушілерді аты айтып тұрғандай 32 метр биіктікке көтеруге қауқарлы. Бұл көп қабатты үйлердегі өртті жедел өшіруге мүмкіндік береді. 

Еліміздегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі 160 жыл бұрын құрылған

Ал осыдан 160 жыл бұрын алғашқы өртпен күрес бөлімшесі ашылғанда құтқарушылар өрт шыққан жерге ат-арбамен жететін болған. Арбаға 40 литрлік бөшкелер орнатылған. Су қолсорғының көмегімен шашылған. Өрт сөндіру бөлімшесіндегі алты қабат үйдің биіктігіндей бақылау мұнарасында қарауылдар тұрған. 

Ол кезде қала шағын болғандықтан, әрі қазіргідей көпқабатты ғимараттар болмағандықтан қаланың кез келген түкпіріндегі түтін көзге оңай шалынған. Дабыл соғылған бойда өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел аттанған. Ал егер жалынның қызыл тілі жан-жағын жалмап, бой бермей жатса, қоңырау соғылған. Қаладағы барлық шіркеулер осы дабылды іліп әкетіп, тұрғындарды төтенше жағдай жөнінде құлақтандырған.

XIX ғасырдың ортасына дейін шаһардағы құрылыстар негізінен ағаштан салынды. Сондықтан өрттен келер қауіп зор болды. Өз тарихында Орал қаласы бірнеше рет өртенді. XVIII ғасырда өртті тұрғындардың өздері өшіріп жүрді. Оларға әскерилер көмекке келетін. 1751 жылы қала тып-типыл болды. 10 тамызда таңғы 9-да басталған өрт кешікпей қалаға да кірді. Тұтаса жанған көшелерді ешкім сөндіре алған жоқ. Аман қалған тұрғындар Жайық пен Шаған өзендеріне барып бас сауғалады. Келесі ауқымды өрт 1879 жылы болды. Сол жылы қала үш рет өртенді. Біріншісінде 850 үй жанса, екіншісінде 350 үй отқа оранды. Үшінші жолы өрт көпес Рассохинның ауласынан шығып, жел солтүстік-шығысқа қарай соққанда қаланың жартысынан астамы күлге айналды, - дейді өрт сөндірушілер мұражайының меңгерушісі Наталья Гуркина. 

Еліміздегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі 160 жыл бұрын құрылған

1865 жылы өрт сөндіру бөлімшесі құрылғаннан кейін де қаланы тілсіз жаудан қорғауда қиындықтар сейілмеген. Сол себепті де 1905 жылдан бастап шаһарда ағаш үй тұрғызуға мүлдем тыйым салынған. Жылыту пештері мен каминдерді де кез келген адамның салуына рұқсат берілмеген. Тек арнайы машықтанған мамандардың бақылауымен ғана қазандықтарды қалау мүмкін болған. Сол кезде өрт сөндірушілер құрметті жандардың қатарында болған. Ай сайын жұмысы үшін 100 күміс сом ақы алған екен. Бұл мәліметтердің барлығы мұражайда жинақталған. Өртпен күресте өмірін құрбан еткен жандардың есімі де жазылған. 

Еліміздегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі 160 жыл бұрын құрылған

Мына суретте Филипп ағай атанған Филипп Выручков бейнеленген. Ол 1925 жылы Орал электр стансасын сөндіру кезінде бір көзінен айрылады. Соған қарамастан қызметке қайта оралады. 1927 жылы екінші қабаттағы өртті өшіріп жүргенде төбе опырылып кетіп, отқа құлап кетеді. Денесінің көп бөлігін күйік шалады. Ауруханада жатып көз жұмған. Оны ақырғы сарапға шығарып салуға бүкіл қала келген. Жалпы осы бөлім - архив құжаттарымен дәлелденген еліміздегі ең алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі, - дейді музей басшылығы. 

Еліміздегі алғашқы өрт сөндіру бөлімі 160 жыл бұрын құрылған

1865 жылы салынған Михаиловская өрт сөндіру бөлімшесінің ғимараты қазір де қаз-қалпында сақтаулы. Ғимарат бүгінде 19 ғасырдың сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. 
 

Өзгелердің жаңалығы