Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Елімізде ЖИ өнімдерін әзірлеп, қолдануға арналған платформа құрылады

14 Мамыр 2025, 15:00
359
Бөлісу:
 Midjourney
Фото: Midjourney

Мәжілісте “Жасанды интеллект туралы” заң жобасы таныстырылды. Заң жобасында Ұлттық жасанды интеллект платформасын құру қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжатты таныстырған депутат Екатерина Смышляева заң жобасының маңызды бөлігі – Ұлттық жасанды интеллект платформасы екенін айтты. Бұл – жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай инфрақұрылым.

Аспаптық ортадан басқа, платформа жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректер кітапханаларына әзірлеушілердің қол жетімділігін қалыптастырады және қамтамасыз етеді. Сондай-ақ салаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Жасанды интеллект жүйе иелері өз жүйелерін пайдалану шарттарын белгілей алады, өз құқықтарын қорғай алады және тәуекелдерді басқара алады, - деді Мәжіліс депутаты.

Пайдаланушылар дербес деректерді қорғауға, жасанды интеллект жүйелерінің жұмысы туралы хабардар етуге және автоматтандырылған шешімдерге дау айту мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен бірге қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады. Енді жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай жіктеледі – ең төменгіден бастап ең жоғарыға дейін.

Жоғары тәуекел жүйелері аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісіне жатқызылатын болады. Бұл олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы