Елімізде тұрғын үй кезегінде қайтыс болған 15 мыңдай азамат тұр

8 Тамыз 2023, 12:51
903
Бөлісу:
Елімізде тұрғын үй кезегінде қайтыс болған 15 мыңдай азамат тұр
Фото: Артём Чурсинов - архив

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бауыржан Қабдолдың мәліметінше, бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде 646 819 қазақстандық тұр. Сонымен қатар кейінгі жылдары олардың қатары ұлғайып келеді. Мысалы, соңғы 10 жылда кезек 6 есеге артқан.

Халық кезекке баспанасы бар азаматтар тұрып жатқаны туралы жиі шағымданып жатыр. Осыған байланысты біздің ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, тізімнің заң талаптарының сәйкестігіне талдау жүргізді. Оның нәтижесінде кезекте тұрған 96,1 мың азаматтың кейінгі 5 жылда жеке баспанасы болғаны, 533 адамның Қазақстанның азаматтығы жоқ екені, 91,4 мыңдай адамның тұрғылықты жері кезекке тіркелген өңірмен сәйкес келмейтіні, сондай-ақ 29 мың адамның тіркелмегені және 15,6 мың адамның қайтыс болғаны анықталып отыр, - деді Қабдол брифингте.

Бұл дегеніміз енді үй кезегінде тұрған 232 мыңға жуық азаматтың жеке деректері заң талаптарына сай болмағандықтан олар тізімнен шығарылады.

Тізімді түгендеу кезектің қозғалу процесін жеделдетуге және баспанаға мұқтаж азаматтардың құқықтарын кез келген оғаш әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді ИИДМ өкілі.

Біз бұған дейін кезектен тыс үй алу туралы жазған едік.

Өзгелердің жаңалығы