Елімізде суару желісінің 60%-ға жуығы нашар жағдайда – министр

9 Қыркүйек 2021, 12:47
18360
Бөлісу:
Елімізде суару желісінің 60%-ға жуығы нашар жағдайда – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты.

Президент Жолдауда «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады» деп болжам жасап отыр. Сонымен қатар «2030 жылға қарай әлемде су тапшылығының көлемі 40%-ға жетуі мүмкін» екенін атап өтті. Осыған байланысты қазірден бастап суды барынша үнемдеуді, оған байланысты заманауи технологияларды және цифрландыруды енгізу қажет, - деп айтты министр.

Оның айтуынша, былтыр Түркістан облысындағы «К-19» магистралды каналын цифрландыру бойынша бірінші жоба сәтті жүзеге асырылды. Нәтижесінде 45%-ға көбірек су жұмсалатыны анықталды.

Алдағы 5 жыл ішінде ұзындығы 3,3 мың км болатын 212 каналды цифрландыру жоспарымызда бар. Осы іс-шараларды іске асыру 2,2 текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Каналдарды қалпына келтіру жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Бізде суару желісінің 60%-ға жуығы нашар жағдайда. Бұл суды тасымалдау кезінде орын алатын жоғары шығынның негізгі себебі, - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.


Министрдің мәліметінше, биыл мыңнан астам шақырым каналды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл 78 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда 5 жыл ішінде ұзындығы шамамен 2,3 мың километр болатын кемінде 120 канал қайта жаңғыртылады. Бұдан басқа, 2025 жылға дейін 6 облыста жаңадан 9 су қоймасы салынады.


Өзгелердің жаңалығы