Елімізде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басталады

1 Қазан 2023, 17:00
3515
Бөлісу:
Елімізде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басталады
Фото: BAQ.KZ - архив

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында экономиканы реформалап, кен өндіру мен геология саласын қайта жаңғыртуды тапсырды. Осы істің бастамасы ретінде арнайы министрлік құрылып, қарқынды жұмыс басталып, алғашқы нәтижелер де белгілі болды. Осы салада атқаралып жатқан жұмысты BAQ.KZ тілшісі де шолып көрді.

Өнеркәсіп – экономика өзегі

Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі 3 жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі, - деп тапсырма берген еді Президент.

Оның айтуынша, қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет.

Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек. Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз, - деді Тоқаев.

Елімізде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басталады

Осы тұста Мемлекет басшысының қыркүйек айында іссапармен бірден АҚШ пен Германияға барғанын да айта кетейік. Екі елдегі кездесулердің басым бөлігі осы өнеркәсіп саласына инвестор тартып, оларды Қазақстанмен етене жұмыс істеуге шақыру болды.

Мәселен Тоқаев АҚШ-та Mastercard, Amazon, GE Healthcare сияқты алпауыт компаниялардың басшыларымен кездессе, Германияда ірі инвесторлармен келіссөз жүргізді. 

Басты бағыт – кен өндірісі

Осы қойылған тапсырмалар мен жоспарларға сәйкес, елімізде кенді табу, өндіру және тасымалдауға байланысты жұмыс еселене түседі. Алайда бұл салада да қордаланған мәселе аз емес. Соның бірқатарына Президенттің өзі де тоқталып өткен еді.

Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс, - деп ескертті ол.

Елімізде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басталады

Осы тұста еліміздегі ірі өндірістің бірі саналатын «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының төңірегіндегі жағдай да нақтыланып келеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, кеніштегі қайғылы оқиғаға қарамастан, шетелдік инвестордан ешкім ештеңе тартып алмайды. 

Барлық жұмыс қауіпсіздікті нығайтып, өндірісті барынша жақсартуға бағытталады.

Басты назарда - геология

Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек, - деген еді Жолдауда президент.

Оның айтуынша, тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет.

Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі. Ол үшін салық және реттеу шарттары өзгеріске икемді болуы керек. Өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Жобаларды келісуге қажетті рәсімдер мен оның мерзімін кешенді мемлекеттік сараптама жасау және толық цифрландыру тәсілін енгізу арқылы екі есе азайту керек. Қазір еліміздің 1,5 миллион шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 миллион 200 мыңға жеткізу, - деп Үкіметке нақты тапсырма берілді.

Мемлекет басшысының сөзінше, «жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек. 

Өзінің осы саладағы әлеуетін аша алған елдер келешекте бүкіл әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайтын болады. Біз жыл соңына дейін саланы дамытуға қатысты нақты ұстанымымызды анықтап алуға тиіспіз. Өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін шетелдің және еліміздің инвесторларын бастапқы үш жылда салықтан және басқа да міндетті төлемдерден босатқан жөн. Бұл – өңдеу индустриясына айтарлықтай серпін беруге арналған өте маңызды шара, - деген еді Тоқаев.

Елімізде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басталады

Осы орайда Мемлекет басшысы АҚШ-тағы іссапары барысында Rio Tinto компаниясының бас атқарушы директоры Якоб Штаусхольмді қабылдады. Кездесу барысында геологиялық барлау, тау-кен және металлургия өнеркәсібінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. 

Бұдан бөлек елімізде алғаш рет Қазақстан геологтарының І Съезі өткенін де айта кетейік. Ондағы негізгі мақсат – еліміздің минералды-шикізат базасын толықтыру және дамыту жөніндегі бірлескен іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу, 2029 жылға қарай Ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту және Қазақстанның мықты өнеркәсіптік базасын қамтамасыз ету.

Алқалы отырыстың қорытындысы бойынша британдық геологиялық қызмет, Ұлыбританияның ғылыми-зерттеу және инновациялар басқармасы мен Қазақстан Республикасының «Ұлттық геологиялық қызмет» акционерлік қоғамы арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Елімізде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басталады

Жер қойнауын пайдалану

Депутат Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, 2045 жылға дейін геологиялық қорлар 1 млрд тонна мұнайға дейін ұлғаюы мүмкін. Ал өндіру көлемі, әсіресе сарқылған қорлар бойынша 60 млн тоннаға дейін өседі деген болжам бар. 

Осыған орай Мәжіліс депутаттары «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Заң жобасының негізгі ерекшеліктері:

  • құрлықтағы іздеу жұмыстары кезеңінде барлау жұмыстарының жобаларын әзірлеу және бекіту кезінде хабарлама тәртібін енгізуді ескере отырып, геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшу.
  • жер қойнауын пайдаланушыға мемлекет айыппұл санкцияларын салмай, сейсмикалық барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша келешегі жоқ ұңғымаларды бұрғылаудан бас тартуға құқық беру.
  • жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды, оның ішінде көмірсутектер саласындағы жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптаманы жүргізу кезінде әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру.

Заңдағы бұл түзетулер Үкіметтің қорытындысымен қолдау тауып, жұмыс тобының отырысында бекітілді. Депутаттар ұсынып отырған түзетулер жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ мемлекет мүдделеріне нұқсан келтірместен, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізу шарттарын жақсартуға бағытталған. 

Сондай-ақ сарқылған, сарқыла бастаған кен орындарының «өмірін» 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуға, 2045 жылға дейін сарқылған кен орындарынан 65 млн тоннаға дейін қосымша мұнай көлемін алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы