Жер қойнауын пайдаланушыларға дайындық кезеңінде ұңғымаларды бұрғылауға рұқсат беріледі

13 Қыркүйек 2023, 11:19
571
Бөлісу:
Жер қойнауын пайдаланушыларға дайындық кезеңінде ұңғымаларды бұрғылауға рұқсат беріледі
Фото: BAQ.KZ - архив

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар осы мәселені шешуге мүмкіндік беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған болатын.

Депутат Еділ Жаңбыршин заң жобасына қосымша баяндама жасады.

Қаралып отырған заң жобасының нормалары жер қойнауын пайдаланушыға сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізген жағдайда айыппұл салу санкциялары қолданылмай, ұңғыманы пайдаланудан бас тартуға, жыл сайынғы авторлық қадағалауды жүргізу шығысын қысқартуға, жер қойнауын пайдалану құқығын кепілдікке қоюға рұқсат алу кезінде ұсынылатын құжаттар көлемін қысқартуға мүмкіндік береді, - деді Жаңбыршин.

Ол депутаттар заңға бірнеше түзету енгізгенін атап өтті.

Бұл түзетулер Үкіметтің қорытындысымен қолдау тауып, жұмыс тобының отырысында бекітілді. Депутаттар ұсынып отырған түзетулер жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ мемлекет мүдделеріне нұқсан келтірместен, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізу шарттарын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ сарқылған, сарқыла бастаған кен орындарының «өмірін» 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуға, 2045 жылға дейін сарқылған кен орындарынан 65 млн тоннаға дейін қосымша мұнай көлемін алуға болады деген мәліметтер бар, - деп айтты депутат.

Рұқсат етілген жұмыс түрлерінің тізіміне ұңғымаларды қайта ашу, объектілерді опробациядан және сынақтан өткізу де кіреді. Оларды іске асыру экологиялық сараптамадан өткеннен кейін бекітілген кен орнын игеру жобасының негізінде рұқсат етіледі. Осы және өзге де толықтырулар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне енгізіледі. Мәжіліс бүгін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы