2045 жылға дейін геологиялық қордағы мұнай көлемі ұлғаяды

13 Қыркүйек 2023, 11:02
745
Бөлісу:
2045 жылға дейін геологиялық қордағы мұнай көлемі ұлғаяды
Фото: pixabay.com

2045 жылға дейін геологиялық қордағы мұнай көлемі ұлғаяды деген болжам бар. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Самат Мұсабаев «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған әріптесіне сұрақ қойды.

Егер осы заң қабылданса, одан қандай нәтиже күтуге болады? Инвестиция көлемі қандай көлемге артады? Мұнайдың геологиялық қорларының көлемі мен оны өңдеу қаншаға ұлғаяды? – деп сұрады депутат әріптесінен.

Депутат Дүйсенбай Тұрғанов болжам жайлы айтып берді.

Заңның ең басты идеологиясы – ол еліміздің минералдық-ресурстық қорын ұлғайту үшін инвестицияларды тарту, соған мүмкіндік жасау. Статистикаға қарасақ, 2022 жылы бұрғылауға 130 млрд-қа жуық теңге тартылған. Былтыр жылдың аяғында Парламент осы саладағы преференциялық пакетті көздейтін жетілдірілген модельдік келісімшарт тетіктерін қабылдаған еді. Соның арқасында биылдың жарты жылының өзінде 187 млрд теңге бұрғылау саласына талтылды, - деді ол.

Оның сөзінше, бүгінгі заң жобасының арқасында Энергетика министрлігінің болжамы бойынша шамамен 200 млрд теңге инвестиция тартылуы мүмкін. Сондай-ақ шамамен 8 мың жаңа жұмыс орындары ашылуы мүмкін деп болжап отыр.

Болжамдар бойынша 2045 жылға дейін геологиялық қорлар 1 млрд тонна мұнайға дейін ұлғаяды деп отыр. Ал өндіру көлемі, әсіресе сарқылған қорлар бойынша 60 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін, - деп сөзін толықтырды депутат Дүйсенбай Тұрғанов.

Өзгелердің жаңалығы