Президент Германияның бірқатар компания басшыларымен кездесті

29 Қыркүйек 2023, 14:41
823
Бөлісу:
Президент Германияның бірқатар компания басшыларымен кездесті
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швиндті қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның шетелдік инвесторларды қолдайтынын және жобаларды табысты іске асыру үшін қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.

Президент әлемнің дамыған елдерінің экономикасы тарапынан литийге сұраныс артып келе жатқанына назар аударып, сирек кездесетін металдарды өндіру және қайта өңдеу ынтымақтастықты дамытудың аса маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.

Мемлекет басшысы тау-кен өндіру өнеркәсібіне қолайлы реттеу экожүйесін қалыптастыру үшін Қазақстан бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Президент Германияның бірқатар компания басшыларымен кездесті

Өз кезегінде HMS Bergbau AG басшысы Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қайта өңдейтін кен байыту комбинатын салу жобасын таныстырды. Оның айтуынша, жоспарланған инвестицияның жалпы сомасы – 500 миллион доллар.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай инвестициялық жобалардың ел экономикасы мен оның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін маңызды екенін атап өтті.

HMS Bergbau AG – Германиядағы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналысатын жетекші тәуелсіз компаниялардың бірі. Бұл компания АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ, Ботсвана мемлекеттерінде шикізат өндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сондай-ақ оның Қытайда, Үндістанда, Кенияда, Малайзияда, Пәкістанда, Шри-Ланкада, Бангладеште және Вьетнамда өкілдіктері бар.

Президент HHLA компаниясының басқарма төрағасы Ангела Титцратпен де кездесті

Президент Германияның бірқатар компания басшыларымен кездесті

HHLA (Hamburger Hafen und Logistik) компаниясының басшысымен кездесу барысында Қазақстан мен Германияның көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды.

Мемлекет басшысы Германияның көлік және логистика саласын дамытуда аталған компанияның маңызды рөл атқаратынын айта келе, оның елімізде филиал ашу туралы шешімін құптады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Өйткені еліміз Еуразиядағы басты транзит торабы ретінде өз позициясын күшейтуге ниетті.

Әңгімелесу барысында Қазақстан құрғақ және сұйық жүктерді тасымалдауға арналған жаңа танкерлер сатып алу, сондай-ақ Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту үшін қаржы тартуға мүдделі екені атап өтілді.

HHLA – жетекші еуропалық логистикалық компания. Кәсіпорын Гамбург, Одесса, Таллинн, Триест қалаларындағы теңіз порты терминалдарына, сондай-ақ олармен байланыстырылған Орталық және Шығыс Еуропадағы интермодальдық тораптар желісіне иелік етеді.

Мемлекет басшысы STADA Group компаниясының вице-президенті Кристос Галлиспен де кездесті

Президент Германияның бірқатар компания басшыларымен кездесті

Кездесу барысында денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев STADA компаниясы денсаулыққа қажетті тұтыну тауарлары сегментінде Қазақстан нарығындағы көшбасшылардың үштігіне кіретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, Алматы қаласында компания кеңсесінің ашылуы – табысты және қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықтың айқын дәлелі.

Мемлекет басшысы Қазақстанда биотехнологиялық кластер құру жұмысы белсенді жүргізіліп жатқанына назар аударды.

Президенттің пікірінше, QazBioPharm ұлттық холдингімен ғылыми-зерттеу және өндіріс саласында бірлесе жұмыс істеу үшін STADA компаниясына зор мүмкіндік ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық компанияны бірлескен зерттеулер жүргізіп, әзірлемелер дайындауға, өндірісті ұйымдастыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және мамандардың біліктілігін арттыруға шақырды.

Өз кезегінде Кристос Галлис ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып, компанияның Қазақстандағы медициналық жобалар мен бағдарламаларға инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін атап өтті.

STADA – жоғары сапалы дәрі-дәрмек өндіретін жетекші компаниялардың бірі. Компания өз өнімдерін әлемнің 120 елінде сатады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Euler Hermes агенттігінің басқарма мүшесі Эдна Шёнені де қабылдады

Президент Германияның бірқатар компания басшыларымен кездесті

Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, соның ішінде қаржылық сақтандыру саласында бірлескен жобаларды әзірлеу, тәжірибе алмасу және оқу бағдарламаларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Мемлекет басшысы Euler Hermes агенттігінің Қазақстан үшін маңызды серіктес екеніне назар аударды. Компания кредитті сақтандыру ісінде жаһандық көшбасшы саналады және кешенді қаржылық шешімдер жасайтын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі – Allianz Group тобының құрамына кіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан даму банкі мен Helaba банкі арасында Қаржылық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Аталған келісімге сәйкес AltynAlmas Reagents компаниясының цианид натрий өндіретін химиялық зауытының құрылысына 100 миллион евроға дейін қаржы бөлу қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы