Елімізде қызылша ауруы өршіп тұр

31 Қазан 2023, 15:51
822
Бөлісу:
Елімізде қызылша ауруы өршіп тұр
Фото: BAQ.KZ - архив

Елімізде қызылша ауруы бойынша жағдай ушығып тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Айтуынша, эпидемиологиялық жағдай күрделі.

Жыл басынан бері елімізде қызылшаның 11 057 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 83%-ы– 14 жасқа дейінгі балалар арасында, 2,7%-ы– жасөспірімдер арасында, 13,8%-ы – ересек адамдар арасында орын алды. Қызылша ауруы барлық өңірлерде тіркелді. Жоғары деңгей Алматы қаласында – 2031 жағдай, Шымкент қаласында – 2026 жағдай, Жамбыл облысында - 1392 жағдай және Алматы облысында – 1111 жағдай. Сырқаттанушылық ауырған балалар арасында вакцинация алмаған балалар есебінен тіркелуде, - деп атап өтті бас санитар дәрігер.

Бұл ретте, 60% жағдайда балалар егуден бас тартуға байланысты, 18,3%-да – медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21%-да егу жасына жетпеуіне байланысты егілмеген.

Қазіргі уақытта қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында мынадай шаралар жүргізілуде:

- қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация;

- ошақтарда егілмеген байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдарды вакцинациялау;

- 18 жасқа дейінгі балалардың егілуін тексеру;

- денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмысы.

Айта кету керек, қазіргі эпидемиологиялық жағдай қызылшаның 5 жасқа дейінгі балалар арасында басым тіркелуімен сипатталады, ол қызылша жағдайларының 65%-дан астамын құрайды. Аурудың алдын алудың бірден-бір шарасы – вакцинация. Қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін балаларды 6 айдан бастап, сондай-ақ 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды және медицина қызметкерлерін қосымша вакцинациялауды енгізу жоспарланып отыр. 6 айдан 11 айға дейінгі балаларды қосымша иммундау 6 қарашадан басталады, - деді Айжан Есмағамбетова.

Өзгелердің жаңалығы