Елімізде қандай инфекцияға қарсы екпелер тегін салынады?
26 Сәуір, 12:00 619

Елімізде қандай инфекцияға қарсы екпелер тегін салынады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді. 

Елімізде вакцинация ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 Қаулысымен бекітілген Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Бүгінгі таңда республикалық бюджет есебінен күнтізбеге 11 инфекцияға қарсы екпелер енгізілген. Олардың қатарына: В вирустық гепатиті, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе, тубелкулез, эпидемиялық паротит, гемофилді және пневмококк инфекциясы жатады. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен жоспарлы түрде 2 жасқа толған балаларға А вирустық гепатитіне қарсы вакцина салынады. Дәл осы ауру халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Өйткені адамдар арасында таралу қаупі эпидемияға дейін ұласатындай қатер бар, - деді ведомство өкілі. 

Сонымен қатар дәрігер Ұлттық күнтізбеге енгізілген инфекциялардан басқа ауру түрлеріне де екпе салынатынын атап өтті. 

Ұлттық күнтізбеге енбеген сібір жарасы (түйнеме), туляремия, ішсүзек, оба, кене энцефалиті, тұмау сынды инфекцияларға қарсы екпе салу тәжірибесі қалыптасқан. Вакцина азаматтарға инфекциялық аурулардың орын алу қаупі төнгенде эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша, сондай-ақ эндемиялық аймақтарға барған немесе сол жерде тұратын адамдарға салынады, - деп түсіндірді астананың бас санитар дәрігері.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сархат Бейсенова екпе алмағандардың 70%-ға жуығы қызылша індетін жұқтырып алғандығын айтқан болатын. 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...