Елімізде паллиативтік көмекті қажет ететін науқастар саны 27 мыңнан асады

24 Сәуір 2019, 22:00
6112
Бөлісу:
Елімізде паллиативтік көмекті қажет ететін науқастар саны 27 мыңнан асады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда паллиативтік көмекті қажет ететін пациенттер саны 27 мыңнан асып жығылады. Алайда, аталған көмекпен айықпас дертке шалдыққан науқастардың жартысы ғана қамтылып отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау сарапшысы Марат Мамаев мәлімдеді.

Паллиативтік көмекке негізінен онкологиялық сырқатқа шалдыққан пациенттер зәру. Қазақстанда қатерлі ісікпен ауыратын 171 мың адамның 18 мыңнан астамына паллиативтік көмек көрсету қажет.

Маман пікіріне сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде паллиативтік көмекке деген сұранысқа қатысты деректер қарама-қайшылыққа толы. Себебі, есептеу әдістемелері әртүрлі және паллиативтік көмек түрлерінің бірсыпырасы бізде көрсетілетін медициналық қызметтер тізіміне енбеген. Әдетте, олар ресми статистикада басқаша атаулармен, стационарды алмастыратын көмек түрлері ретінде беріледі.

Сонымен, Қазақстанда паллиативтік көмекті дамытуға не кедергі болып отыр? Жобаны таныстыру барысында сарапшылар оның негізгі деген үш себебін атап өтті.

«Біріншіден, ақы төлеу схемасы күрделі. Сондықтан паллиативтік көмек көрсетумен айналысу медицина ұйымдары үшін тиімсіз. Бірақ шын мәнінде, паллиативтік көмектің тиімділігін жоққа шығаруға болмайды. Сарапшылар паллиативтік көмек нарығын жылына 10 млрд теңгеге бағалап отыр. Сонымен қатар, оны шешудің мынадай жолдарын ұсынады: Ең алдымен, МӘМС реформасы шеңберінде медициналық қызмет тарифтері мен ақы төлеу әдістерін жетілдіруді жалғастыру қажет. Аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтіп қана қоймай, паллиативтік көмекті үйде көрсету қызметін дамытуға ден қойған жөн. Ол үшін қосымша 3,4 млрд теңге бөлу қажет. Бұл аса көп қаражат емес, оны тіпті, қолданыстағы бюджеттен де алуға болады. Мысалы, Медициналық сақтандыру қоры өткен жылы көрсетілген қызмет сапасын бақылау барысында медицина мекемелеріне 5,6 млрд теңге айыппұл салды. Ендеше, үнемделген қаржыны паллиативтік көмек сынды өзекті мәселелерді шешуге жұмсауға болар еді», - деді маман.  

Әдетте, ауыр дертке шалдыққан науқастарды жақын-жуығы бағады. Ал, медицина қызметкерлері оларға науқасты күтудің қыр-сырын үйретеді. Ауруды баққан адам жұмыс істей алмайды, салдарынан отбасылық жағдайы нашарлайды. Мемлекет оларға әлеуметтік жәрдемақы төлемейді. Егер осы мәселе шешілетін болса, жазылмас дертке шалдыққан науқастарға көмек көрсету де едәуір жеңілдер еді. Жәрдемақы төленбегендіктен, азаматтар науқас туыстарын онсыз да орын жетпей жатқан стационарларға (хоспис) жатқызуға тырысады. Марат Мамаевтың пікірінше, бұл мәселені ауыр дертке шалдыққан пациенттерді бағатын туыстарына әлеуметтік жәрдемақы төлеу арқылы шешуге болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 9-11 млрд теңге қажет болуы мүмкін.

 «Өкінішке қарай, паллиативтік көмекті үнемі үй жағдайында көрсету мүмкін бола бермейді. Мысалы, пациенттің үйі тар болуы мүмкін. Кейде ажал аузында жатқан науқасқа күрделі медициналық көмек түрлерін көрсету үшін стационарға жатқызу қажеттігі туындап жатады. Жалпы, еліміз бойынша паллиативтік көмек көрсетуге 435 орын бөлінеді. Ал, Қазақстанда 1352 пациент паллиативтік көмекті қажет етеді. Стандарт бойынша, көмектің бұл түрін көрсету үшін әр 400 мың адамға 30 орын бөлінуі тиіс. Өкінішке қарай, паллиативтік көмек көрсететін арнайы мекемелерде яғни, хоспистер мен стационарларда орын жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін осы орын тапшылығын біртіндеп қысқартуға тағы 1 млрд теңгеге жуық қаражат қажет», - деді сарапшы.

 

Өзгелердің жаңалығы