Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен жылдың қорытындысы бойынша республикада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының қатары 23,4%-ға өсіп, 2 млн-ға жеткенін баяндады.
Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 18%-дан астамға артып, 4,1 млн адамға жетті. Жалпы бүгінде экономикалық белсенді адамдардың шамамен 40%-ы ШОБ-та жұмыс істейді. ШОБ нысандарының өнім шығару көлемі де 28%-ға өсіп, 59 трлн теңгеден асты.
Бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту мақсатында кәсіпкерлерге қатысты жаңа реттеушілік саясатты енгізу, атап айтқанда, артық және ескірген талаптарды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан басқа мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың барлық саласында тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру жүргізілуде.
Бұл 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап адамдардың қатысуынсыз бизнесті тексеру шараларын тағайындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жоспар бойынша тексерулер саны 2 есе азаяды деп күтілуде.
Министр 2022 жылы ШОБ-ты қолдау аясында 1,3 трлн теңгеден астам несие сомасына 46 мың жоба субсидияланып, кепілдендірілгенін айтты. Биыл бұл мақсаттарға 266 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 млрд теңгеге артық.
Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және Астана әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарының бірі. 2030 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 40%-дан жоғары болуға тиіс. Ол үшін отандық кәсіпкерлікті қолдау бойынша жүйелі шаралар іске асырылды, Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, осы саладағы заңнамалық базаны жетілдіруде.
Оған қоса қазіргі уақытта жаңа Салық кодексі әзірленуде. Ол барлық процесті толық цифрландыра отырып, салықтық әкімшілендіруді айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ өткен жылдан бері кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеу шаралары іске қосылды. Сонымен қатар мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Премьер-министр бизнеске қаржылық және басқа да қолдау шаралары көрсетіліп жатқанын айтып өтті. Биылғы 5 айдың өзінде жалпы құны шамамен 440 млрд теңгені құрайтын 6 мыңнан астам жобаға субсидия бөлінді. Сонымен қатар тағы 144 млрд теңгеге 4 мыңнан астам жобаға кепілдік берілді.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 33%-дан 36,5%-ға дейін өсті. Осындай қарқынды сақтауымыз керек, — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы кейінгі 2 жылда 4 облыста шағын және орта бизнесте жұмыспен қамту қарқыны бәсеңдеп кетіп отырғанына назар аударды. Бұлар – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары. Аталған өңірлердің әлеуеті шағын және орта бизнесті дамытуға, ондағы жұмыспен қамтылғандар санын көбейтуге де толық жетеді.
Үкімет басшысының айтуныша, бірқатар өңірде көлеңкелі экономиканың деңгейі жоғары болып отыр. Бұлар – Алматы, Атырау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары.
«Көлеңкеден» шығу көбінесе бизнесті жүргізу жағдайларын жеңілдету және қолайлы бизнес-орта қалыптастыру ісіне тікелей байланысты. Сондықтан көлеңкелі экономиканы қысқарту бойынша шараларды күшейту қажет. Тиісті Кешенді жоспар бар, ол нақты орындалуы керек. Сонда ғана біз осы бағытта жүргізілген жұмыстың нәтижесін көретін боламыз, — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, бүгінде әлемдік экономикадағы күрделі ахуал республикадағы ішкі нарыққа да әсерін тигізіп отыр. Бұл сонымен бірге, еліміздің алдында жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бүгінде бизнес негізінен ірі қалаларда шоғырланған, сондықтан моноқалалар мен шағын елді мекендерде оның дамуына жағдай жасап, мүмкіндіктерін кеңейту қажет.
Ол үшін “Ауыл аманаты”, “Ауыл – Ел бесігі”, моно және шағын қалаларды дамыту, “Қарапайым заттар экономикасы” және Бизнестің жол картасы – 2025 жобалары аясында қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік органдар “Атамекен” ұлттық палатасымен және өңірлермен бірлесіп, жобалардың жергілікті жерлерде сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет, — деді Үкімет басшысы.
Одан бөлек шикізаттық емес салалардың, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін кеңейту керек. Негізгі қорларды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу қажет.
Сонымен қатар артық реттеу талаптарын жою, сондай-ақ бизнесті мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру бойынша жұмыстарды жеделдету қажет.
Жыл соңына қарай біз әр саланың нәтижесін көруіміз керек, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы талдау нәтижелері бизнестің шағымдары мен өтініштері негізінен жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, салықтық әкімшілендіру, сәулет және қала құрылысы, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету салаларына қатысты екенін көрсетіп отыр.
Мемлекеттік органдар өңірлермен бірлесіп, бизнестен түсетін барлық өтінішті сапалы және уақытылы қарауы қажет, — деді Премьер-Министр.
Сөз соңында Үкімет басшысы білікті мамандарды, әсіресе жоғары технологиялық сала мамандарын сапалы даярлауды қамтамасыз ету, кадрларды даярлау мен оқыту жүйесін қазіргі заман талаптарына бейімдеу жөнінде шаралар қабылдау керектігін айтты.