Елімізде қанша жылға жететін газ қоры қалды?

5 Қараша 2021, 15:17
1825
Бөлісу:
Елімізде қанша жылға жететін газ қоры қалды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков хабарлады. Сондай-ақ ол елімізден қай мемлекеттерге газ экспортталатынына тоқталды.

Біз қазіргі таңда Қытай мен Ресей елдеріне газды экспорттаймыз. Газдың қорына тоқталар болсақ, ол 4 трлн текше метрге жуық. Бірақ ол ілеспе газ, яғни жердің астындағы газ. Оны жер бетіне шығарып, өндіру үшін үлкен инвестиция керек. Сол бағытта белсенді жұмыстар атқарылуда, - деп атап өтті вице-министр.

Ведомство басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2060 жылға дейін көміртек бейтараптылығына қол жеткізуіміз қажет.

Сол жұмыстың барысында қазіргі таңда электр қуатын өндіретін мекемелердің 70%-ы – ол көмір компаниялары. Сондықтан Париж келісімі бойынша 2030 жылы сол 70%-ды 40%-ға дейін түсіруіміз қажет, - деді Мұрат Жөребеков.

Ол үшін ең алдымен кәсіпорындарды газға ауыстырымыз қажет деп отыр.

Екінші мәселе бар. Ол баршаға белгілі, тау-кен өндірісінің өнімдерін Еуроодаққа экспорттауда көміртек ізі болса, 2026 жылдан бастап олар салық төлеуге мәжбүр болады. Салықты төмендету үшін ірі компанияларды көмірден газға айналдыруымыз шарт. Сол себепті еліміздегі газ өндіруді ұлғайтып, соған инвестиция тарту бағытында жобалар әзірледік, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы