Елімізде БҰҰ-ның азаматтарды қорғаудан мамандандырылған курсы басталды

10 Қараша 2021, 08:00
1304
Бөлісу:
Елімізде БҰҰ-ның азаматтарды қорғаудан мамандандырылған курсы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлерді даярлау орталығының базасында БҰҰ-ның «Азаматтық тұрғындарды қорғау» (UNРOCС-United Nations Protection of Civilians Course) сертификатталған курсы өтіп жатыр.

Оған тек еліміздің ғана бітімгерлер емес, Бангладеш, Бразилия, Мавритания, Мозамбик, Нигер, Нигерия, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Финляндияның күштік ведомстволарының өкілдері де қатысады.

Курсты өткізудің мақсаты – бітімгершілік операция барысында қатысушыларды БҰҰ-ның бейбіт тұрғындарды қорғау жөніндегі тұжырымдамасымен, БҰҰ-ның әскери және әскери емес компоненттерінің рөлімен, міндеттерімен таныстыру.

Қазақстанның және шетелдің нұсқаушылары бітімгерлік операцияларды жүргізуге қатысты бөлігінде БҰҰ-ның негізін қалаушы қағидаттарын, құндылықтары мен құзыреттерін зерделеу сабақтарын өткізеді. Халықаралық гуманитарлық құқықтың ережелерін, гендерлік аспектілерді, сондай-ақ шартты сценарий негізінде практикалық сабақтарды зерделеуге жеке блоктар арналған.

Сонымен қатар, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар бюросының өкілі Ян Хесбург, Бразилия Құрлық әскерлері бас штабының бітімгершілік операциялар департаментінің гендерлік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Иван Коста, Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест миссиясының басшысы Франсуа Бланси және басқалар баяндама жасайды.

Алғаш рет Қазақстаннан осы курсқа бітімгершілік контингентінен басқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Сыртқы істер, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері де  қатысады.

Курстың тыңдаушыларына Біріккен Ұлттар Ұйымы тиісті сертификаттар береді.

Өзгелердің жаңалығы