Елімізде бидай экспортына шектеу енгізіледі

13 Сәуір 2022, 14:13
1894
Бөлісу:
Елімізде  бидай экспортына шектеу енгізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Қазақстанда бидай экспортына шектеу шаралары енгізіледі.

Бұл туралы АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл  Хатепова  мәлімдеді.

Қазіргі кезде әлемдегі бидай нарығының  20 пайызын алып отырған Ресей мен Украина елдері саяси ахуалдарына байланысты әлемдік нарықтан  қалыс қалып отыр. Сондықтан тек бізде емес астық өнімдері әлемдік нарықтағы сұраныстың жоғары болуына байланысты бидай бағасының қымбаттауы байқалады. Біз әлемдік деңгейдегі астық экспорттаушы жетекші 10 елдің қатарына кіргеннен кейін, әрине, бұл мәселелер елдің ішкі нарығына әсер етпей қоймайды, -деді спикер.

Оның айтуынша, қазіргі таңда бидайға сыртқы нарықта сұраныс жоғары.  

Барлығыңызға белгілі, ақпан-наурыз айларында бидайдың экспорттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 20-30 пайызға жоғары болды. Біз бұл тенденцияны көріп отырғаннан кейін бидай экспортына шектеу шараларын қойып жатырмыз. Біздің мақсатымыз - сыртқа бидайдың көп көлемі кетіп қалуын болдырмау, - деді Назгүл  Хатепова.

Ол 15 сәуірден бастап ел территориясынан ұнды және бидайды экспорттқа шығаруға квота енгізілетінін айтты.

Бидайға деген квота көлемі 1 миллион тоннаны құрайтын болса, ұнға деген көлем 300 тоннаға жететін болады. Қазіргі кезде министрлік тарапынан сәйкес бұйрықты мемлекеттік органдармен келісу процесі жүргізіліп жатыр. Жақын арада бұйрық күшіне енетін болады, - деп атап өтті АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры. 

Өзгелердің жаңалығы