Елімізде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі адамдардың заң шығару органында өкілдігі кеңейеді

19 Қаңтар 2022, 11:25
1167
Бөлісу:
Елімізде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі адамдардың заң шығару органында өкілдігі кеңейеді

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы қабылданды.

Әділет министрі Қанат Мусин заң жобасын депутаттарға таныстырды.

Министр атап өткендей, 2020 жылғы мамырда «Саяси партиялар туралы» заңға партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу жөніндегі нормалар енгізілді.

Сол кезден бастап саяси партиялар гендерлік теңдік және жастарды қолдау мәселелерін жетілдіруде маңызды рөл атқара бастады. Сайлау тізімдеріне енгізу арқылы жас кандидаттар мен әйелдерді өкілді органдар қатарына қосу  мүмкіндігі пайда болды. Квоталау тетігі қоғамдағы проблемалық және сезімтал мәселелерді шешу кезінде әртүрлі пікірлерді ескеру арқылы норма шығармашылық процесінде «қоғамдық күн тәртібін» қалыптастыру мүмкіндігін кеңейтті. Осы тетікті дамыту үшін Мемлекет басшысы өзінің 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың заңнамалық қызметке қатысу қажеттілігін атап өтті, - деді Қанат Мусин.

Ол осы тапсырманы іске асыру мақсатында ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы әзірленгенін айтты.

Конституциялық заң жобасы әйелдер, 29 жасқа толмаған адамдар және мүгедек адамдар үшін 30% квотадан басқа, оларды Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу қажеттілігін бекітуді көздейді. Құрметті депутаттар, ұсынылып отырған Конституциялық заң жобасы нысаналы топтармен әртүрлі алаңдарда қаралды. Жалпы алғанда, бұл түзетулер әйелдердің, жастардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың еліміздің заң шығару органында өкілдігін кеңейту үшін маңызды қадам. Бұл заңдардың сапасына сөзсіз әсер етеді, - деп түсіндірді Әділет министрі Қанат Мусин Мәжілісте.

Сонымен қатар заң жобасын қарау барысында депутаттар Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халықтары Ассамблеясы қызметінің мәселелері бойынша түзетулерге де бастамашылық жасады.

 

Өзгелердің жаңалығы