Елімізде арқан тартыстан аймақтық іріктеу жарыстары басталды

14 Ақпан 2024, 19:18
418
Бөлісу:
Елімізде арқан тартыстан аймақтық іріктеу жарыстары басталды
Фото: Арқан тартыс федерациясы

Елордада Республикалық арқан тартыс федерациясы 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арқан тартыстан ерлер мен әйелдер арасында іріктеу жарысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жарыс ІІ кезеңнен тұрады. І кезеңде аймақтық іріктеу сайыстары өтсе, ІІ кезеңде аймақтық жарыстардың жеңімпаздары финалдық сында бақ сынайды.

Бәсекенің ашылу салтанатына «Арқан тартыс» федерациясының вице-президенті Нұрлан Жабаев қатысты. 

Бұл бірініші іріктеу жарысқа барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Осы сайыста тек мықтылар жеңсін. Ұлттық құрамамыз жасақталып, Алла қалап, көшпенділер ойынында алтыннан алқа тағатын команда құрауды нәсіп етсін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін,-деді Нұрлан Жабаев. 

Астана қаласындағы №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінде өткен алғашқы орталық аймақтық жарысына Астана қаласы, Алматы, Қарағанды, Ұлытау облысының командалары қатысты. Ерлер арасында бес команда тартысқа түссе, әйелдерден құралған үш команда жүлдеге таласты.

Нәтижесінде ерлер арасында Ұлытау облысынан келген «Ұлытау арқарлары» командасы жеңіске жетті. Екінші орын елордалық «Барыс-4» командасына бұйырды. Үшінші орынды Алматы облысы еншіледі.

Ал әйелдер арасында астаналық «Барыс-3» командасы үздік шықты. Күміс жүлде елордалық «Қара қабылан» ұжымына бұйырды. Үшінші орынды Алматы облысының арулары түйіндеді.

Жарыс жеңімпаздарына  «Арқан тартыс» федерациясы жүлделі бірінші орынға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге сыйақы мен бағалы естелік сыйлықтарды табыстады.   

Енді арқан тартыс бойынша Солтүстік аймақтық іріктеу кезеңі 17-ақпан күні Көкшетау қаласында   өтеді. Солтүстік аймақта Ақмола, Қостанай, Павлодар, СҚО облыстары қатысады. Одан кейінгі бәсеке Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Оңтүстік аймақтарда өтеді. Финалдық тартыс 7 наурыз Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.

Айта кетейік, ұлттық ойынымыз «Арқан тартыс» 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының  бағдарламасына енген.

Өзгелердің жаңалығы