Елімізде алғашқы бауыр трансплантациясы қалай жасалды?

Елімізде алғашқы бауыр трансплантациясы қалай жасалды?

Қазақстанда осыдан тура 10 жыл бұрын алғаш рет қайтыс болғаннан кейінгі донордан бауыр трансплантациясы жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтулы күнге орай Ұлттық ғылыми онкология орталығында баспасөз мәслихаты өтті.

10 жылда алпыстан астам бауыр трансплантациясы жасалған

Дәл осы күні елімізде бірінші рет қайтыс болғаннан кейінгі донордан бауыр трансплантациясы жасалған болатын. Бұл Қазақстандағы және орталығымыздағы трансплантология саласының дамуына үлкен серпін әкелді. Қазіргі кезде осы он жыл ішінде 60-тан астам бауыр трансплантациясы жүргізілді. Трансплантология өз алдына жеке ғылым ретінде күн санап дамып келе жатқаны көңіл қуантады. Мемлекет бұл салаға үлкен назар аударып отыр, - деп атап өтті басқарма төрағасының міндетін атқарушы Санжар Шалекенов.

Елімізде алғашқы бауыр трансплантациясы қалай жасалды?
Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

 

Отыз дәрігер 8 сағат бойы күрестік

Айта кететін жайт, Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донордан бауырды алғашқы ортотопиялық трансплантациялау 10 жыл бұрын – 2013 жылы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың базасында жасалды. Операцияны профессор, ҚР флебологтар қауымдастығының президенті Тоқан Сұлтаналиев басқарды.

Бастапқыда бұл отаны Беларусь елінен келетін әріптестерімізбен бірігіп жасаймыз деп жоспарлаған едік. Алайда біздің әлеуетті донорымыздың ағзасы олардың келгеніне дейін шыдамайтын болды. Реципиентіміз де орталыққа өте ауыр жағдайда түсті. Бауыр циррозынан кейін бірнеше рет қан кеткен. Токсикалық гепатит салдарынан өңешінде варикозды кеңеюі орын алды. Реанимацияда өлім мен өмірдің арасында жатты. Орталығымыздың дәрігерлері Кореяда, Беларусь елдерінде білімдерін жетілдіріп, ағзаны трансплантаттау отасына қатысып, машықтары болғандықтан, өзіміз жасаймыз деп нар тәуекелге бел будық. Ота бригадасында отыздай дәрігер 8 сағат бойы науқастың өмірі үшін күрестік. Таңғы сағат 6-да ота сәтті аяқталды. Сол кездегі министр Салидат Қайырбековаға хабарласып, бәрі ойдағыдай болғанын айттым, - деп еске алды Тоқан Сұлтаналиев.

Дәрігердің айтуынша, донордан алынған ағзаны реципиентке салу үшін 6 сағат қана уақыт болған. Себебі ағзаны осы уақытқа дейін ғана сақтау мүмкін дейді.

Бақытқа орай, операция сәтті өтті. Бұл отандық хирургтардың, трансплантологтардың ұжым болып алғаш рет шетелдік мамандарды тартпай-ақ өз күшімен күрделі ота жасаған жағдай болды. Осылайша, Қазақстанда трансплантология даму жолына түсті.

Елімізде алғашқы бауыр трансплантациясы қалай жасалды?
Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

 

 «Екінші өмір» сыйлады

Дәл осы күнді Антонина Позигун екінші туған күнім деп тойлайды. Ол – бауырдан елдегі алғашқы реципиент ретінде өз тарихын баяндап берді. Антонина елімізде бауыр трансплантациясы бағдарламасы басталған соң күту тізіміне енгізілген. Донорлық ағза табылған кезде оны шұғыл түрде санавиацияның тікұшағымен онкологиялық орталыққа жеткізеді. Ал донор инсульт салдарынан қайтыс болған ер адам болды. Трансплантациялау үшін ағзаны алуға келісімді оның әйелі берген.

Ол кезде жасым 52-де болатын. Бастапқыда басқа диагнозбен бірнеше мәрте ота жасаттым. Бауырымның ауырып жүргенін тіпті сезбегенмін. Ана мен бала орталығында жатыр миомасы диагнозымен жатқанда бауыр циррозы барын анықтады. Зерендіге келіп, тексеруді бастадым. Қан кетті. Өмір мен өлімнің ортасында жүргенде осы орталыққа алып келді. Ота алдында ұлыммен ақылдастық. Оған: «Эксперименттік ота болады, сәтті өту болжамы – 50-де 50» деп ескертіпті. Не де болса тәуекел дедік. Жансақтау бөлімінде жарты сағаттай жатқанымды білемін. Одан кейін не болғаны есімде жоқ. Көзімді ашсам, палатада жатырмын. Өте қиын болды. 10 жылдан бері донордың бауырымен өмір сүріп келемін. Донордың ағзасын беруге келісімін берген жұбайына, жанымды арашалап қалған дәрігерлерге алғысым шексіз, - деп көзіне жас алды Антонина Позигун.

Отадан соң он жыл ішінде үш баламнан немере сүйдім деген реципиент әр сәтімді бағалаймын деп отыр.

Елімізде алғашқы бауыр трансплантациясы қалай жасалды?
Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

 

Донор тапшылығы мәселесі бар

2010 жылдан бастап орталығымызда ағза трансплантациясы жасалып келеді. 60-тан астам бауыр, 450-ден астам бүйрек трансплантациясы жүзеге асырылды. 500-ден аса сүйек кемігі ауыстырылды. Кейіннен тері трансплантациясын қолға алдық. Онкологиялық орталық болғанымызбен трансплантация бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұл оталардың барлығы дерлік туыстық донордан алынып жасалады. «Тірі» донордан ағзаның 60 пайызын ғана алып саламыз. Кейде ағзаны толықтай салуды талап ететін жайттар кездеседі. Негізі дамыған елдерде мәйіттік трансплантация дамыған. Бізде менталитетке, халықтың әлі мүмкін сенбеуі себепті немесе дінге байланысты мәйіттік трансплантация дамымай тұр. Мұсылман елдерінде, мәселен, Иран Ислам Республикасы қайтыс болғаннан кейінгі донордан трансплаттаттау бойынша алда келеді, - деді Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажанов.

Елімізде алғашқы бауыр трансплантациясы қалай жасалды?
Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

Ал трансплантолог, хирург Жанат Сыпатаев болса, ағза трансплантациясы елдегі медицина дамуын көрсетеді деп отыр.

Өзге қызмет түрлерін жаңа деңгейге көтереді. Анестезиология, трансфузиология, зертхана, гинекология, микрохирургия, онкология сынды барлық сала бірге дамиды. Соңғы деректерге сәйкес, жылына 700 әлеуетті донор тіркеледі. Солардың ішінде, шамамен 200 адам донорлыққа жарады делік. Бауыр ауыстыруға мұқтаж 350-ден астам адам күту парағында тұр. 1-1,5 жылда қанша адамның өмірін құтқаруға болар еді. Алайда елімізде мәйіттік донор жолға қойылмаған. Өлімнен кейінгі донордан трансплантация этикалық және заңнамалық аспектілер бойынша көптеген мәселелердің болуына байланысты әлдеқайда төмен. Дінді қатты ұстанады деген Израильдің өзі ондаған жылдан соң мәйіттік трансплантацияға біртіндеп келді, - деді ҰҒОО гепатология, гастрэнтерология және трансплантация орталығының меңгерушісі Жанат Сейітбатталұлы.

Елімізде алғашқы бауыр трансплантациясы қалай жасалды?
Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

 

Отандық трансплантология дамып келеді

Соңғы 10 жылда қазақстандық трансплантологтар тек бауыр трансплантациясы бойынша 434 операция жүргізген. Оның ішінде Ұлттық ғылыми орталық базасында алпысқа жуық трансплантация жасалды. Жүргізілген операциялардың нәтижелері көрсеткендей, реципиенттердің өмір сүру деңгейі айтарлықтай жоғары және дамыған елдердің деректерімен салыстыруға болады.

Айта кетерлігі, бауыр трансплантациясына мұқтаж адамдар тізімінің негізгі бөлігін вирустық және аутоиммунды этиологиясы бар бауыр циррозына шалдыққан адамдар құрайды. Бүгінгі күні оларға негізінен туыстық трансплантациялар жасалады. Трансплантацияның барлық кезеңінде тірі донорлардан 1923, ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан 345 бауыр алмастыру отасы жүргізілді.

Еске сала кететін жайт, елімізде транспланттаудың барлық түрі медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында, яғни бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар операциядан кейінгі кезеңде барлық пациенттер қажетті иммуносупрессивті терапиямен қамтамасыз етіледі және тегін оңалтудан өтеді.

2013-2022 жылдар аралығында, яғни соңғы он жылда республикада ағзаларды трансплантаттау бойынша барлығы 2314 операция жүргізілді.

Оның ішінде, 1712 бүйрек трансплантациясы, 434 бауыр трансплантациясы, 88 жүрек алмастыру, 300-ге жуық көздің мүйізді қабығының трансплантациясы жасалған.

Ал Ұлттық ғылыми онкология орталығында 440 пациентке бүйрек, 64 адамға бауыр алмастырылды.

Қазіргі уақытта 3805 адам күту парағында тұр. Оның ішінде ағза ауыстыруға мұқтаж жандардың 100-і – балалар.

Бөлісу: