Айбек Смадияров: Қазақы ит тұқымдарын сақтау – ұлттық мұраны сақтау

Ол құмай тазының жеті қазынаның бірі әрі адалдық, ептілік пен тектілікті бойына жинаған ұлттық мұра екенін атап өтті.

3 Қыркүйек 2026, 08:55
АВТОР
 BAQ.KZ архиві 3 Қыркүйек 2026, 08:55
3 Қыркүйек 2026, 08:55
143
Фото: BAQ.KZ архиві

Бүгін Қазақстанда Қазақ тазысы күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров бұл күннің маңызына тоқталды.

Ол құмай тазының жеті қазынаның бірі әрі адалдық, ептілік пен тектілікті бойына жинаған ұлттық мұра екенін атап өтті.

Ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбет бізді тарихымызбен және туған жер мен өскен ортасын қадір тұтқан ата-баба дәстүрімен байланыстырады, – деп жазды Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтау, көбейту және халықаралық деңгейде насихаттау мәселесіне ерекше мән беріп келеді.

Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылды. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалды. Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекітілді, – деді Айбек Смадияров.

Қазір қазақ тазылары халықаралық көрмелерде жүлделі орындарға ие болып, асыл тұқымды иттерді өсіру ісі қарқын алып келеді. Сонымен қатар Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.

Айбек Смадияров Қазақ тазысы күнін атап өту тарихи мұра мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге, сондай-ақ бірегей ұлттық құндылықтарды әлемге танытуға ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті.

Наверх