Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы 25%-ға артты.
Жалақының өсуі қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі – МӘМ), үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшы құрам мен негізгі персоналдарға (әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, медицина қызметкерлері және т.б.) қатысты болды.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 50%-ға, ал 2022 жылы – 25%-ға өскенін естеріңізге сала кетейік.
Сондай-ақ, 2021 жылы лауазымдық жалақының 30%-дан 40%-ға дейінгі мөлшерінде қосымша өсуі арқылы әкімшілік және көмекші персонал, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі МӘМ-де, үйде қызмет көрсету және уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін жұмысшылар үшін жалақыны арттыру жүзеге асқан болатын.