Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің бас гепатологы Күлпәш Қалиасқарова мәлімдеді.
2022 жылғы ресми деректер бойынша Қазақстанда вирустық гепатит диагнозымен 49 175 ересек науқас диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде 23 233 адам С гепатиті диагнозымен, 22 977 адам В гепатиті диагнозымен, 1 252 адам Д гепатиті, 5976 бауыр циррозы және 500-ге жуық адамда ГЦК, ХЦК бауыр ісігі бар. Вирустық гепатиттің ауыртпалығын ескере отырып, еліміздің денсаулық сақтау жүйесі бұл аурумен күресіп, алдын алуға, скринингтік тексерулер мен емдеуге көбірек көңіл бөліп отыр. Халықтың вирусты гепатит туралы хабардарлығын арттыру, инфекцияның алдын алу және оның таралуының алдын алу шаралары, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әрбір ересек адамның өз денсаулығы мен балалардың денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін қалыптастыру мақсатында ағарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті Ұлттық ғылыми онкология орталығының профессоры.
Айтуынша, 2016 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай С вирустық гепатитін жою жөніндегі жаһандық бағдарламасын іске қосқан.
Қазақстан – Орталық Азия мен ТМД елдерінде осы бағдарламаны жүзеге асыруда мойындалған көшбасшы мемлекет. ДДСҰ мәліметтері бойынша, вирустық гепатит науқасқа ауырсыну мен азап ауыруды әкеліп қана қоймайды, сонымен қатар бауыр жеткіліксіздігі мен созылмалы бауыр ауруын емдеудің жоғары құны – денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсіреді, - деді бас гепатолог.
Еске сала кетейік, бүгін, 28 шілдеде жыл сайын Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні барлық елдерде аталып өтеді.