Елімізде 260 мыңға жуық медицина маманы бар

17 Маусым 2022, 14:15
1192
Бөлісу:
Елімізде 260 мыңға жуық медицина маманы бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Сондай-ақ министр медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.  

Бүгінгі күні халықтың денсаулығын сақтау әлеуметтік даму саласындағы саясаттың басым бағыты. Медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін нығайту мен дамытудың кепілі. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Медицина – бұл ерекше жан-дүниені сезіне білу қасиетін, жоғары кәсіби біліктілікті, білім мен тәжірибені қажет ететін сала. Дәрігерлер әрдайым адамгершілігімен, жанқиярлығымен және өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленеді. Медицина адам туғаннан бастап өмірінің соңына дейін араша түсетін жалғыз мамандық. Адамның өмір сүруіне үміт беретін дәрігер, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 260 мыңға жуық медицина маманы бар. 

Оның ішінде 78 мыңнан астам дәрігер және 189 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Елімізде күн сайын 2 мыңнан астам операция жасалады, тәулігіне 600-ден астам әйел босанады, стационардан 7 мыңнан астам науқас, емделіп шығады, емханаларда 420 мыңнан астам адамға және жедел жәрдем 19 мың адамға қызмет көрсетеді. Қазақстанда денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді – халықтың қалың тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді және жедел алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралуда. Жоғары технологиялық көмек көрсету көлемі өсуде, жаңа перинаталдық орталықтар салынуда, инновациялық бағдарламалар енгізілуде, - деді Ажар Ғиният. 

Сондай-ақ ол осындай жаңалықтардың арқасында бүгінгі күні сирек кездесетін және күрделі ауруларға сәтті диагностика жүргізіліп, емделіп шығып жатқанын алға тартты. 

Онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік туындаған кезде пациенттерді тексеруді және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді. Соңғы жылдары біз ең маңызды екі көрсеткіштің жақсарғанын байқайдық - өмір сүру ұзақтығы ұлғаюда және туу көрсеткіші өсуде. Қазақстан Республикасының Президенті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Балалардың денсаулығын сақтау іс-шараларын іске асыру шеңберінде біз профилактикаға ерекше назар аударатын боламыз. Соған байланысты жүргізілетін зерттеулердің ағымдағы көлемін ескере отырып, балаларды профилактикалық тексеру кеңейтілетін болады. Осындай жетістіктерге Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын сала мамандарының еңбегі ерекше зор, - деді министр. 

Өзгелердің жаңалығы