Елімізде 11 қыркүйек сейсмикалық жаттығулар өткізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізіледі.
Тұрғындарды белсенді қатысуға шақырамыз.
Сейсмикалық жаттығулар барысында тұрғындар жойқын жер сілкінісі кезіндегі өзін-өзі ұстау ережелерімен танысып, қауіпсіз орындарды анықтау, зардап шеккен халықтың қабылдау пункттеріне жиналуы сияқты кейбір іс-әрекеттерді іс жүзінде пысықтайтын болады.
«Баршаның назарына!» сигналын естіген кезде сабыр сақтаңыздар.
Тұрғындарға мүмкіндігінше ғимараттан шығу қажет. Ал ғимараттан шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда қауіпсіз жерді паналау қажет.
Сейсмикалық жаттығулар «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – халықты жер сілкінісіне дайындау, оларға жалпы қауіпсіздік мәдениетін үйрету, сондай-ақ азаматтық қорғау күштерінің жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерге әзірлік деңгейін арттыру.
Сейсмикалық қауіпті өңірлерде жаттығулар сағат 10:00-ден 11:00-ге дейінгі аралықта өтеді (Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары).
Төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс іс-әрекеттер сіздің өміріңіз бен денсаулығыңызды қорғауға көмектеседі.