Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Майами WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстандық спортшы үшінші айналымда әлемнің бұрынғы 2-ракеткасы, қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте 29-орында тұрған испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасты.
Е.Рыбакина өзі жеңімпаз атанған Индиан-Уэллс мастерс жарысында П.Бадосаны 6:3, 7:5 есебімен ұтқан еді.
Бұл жолы бірінші партияда қарсыластар бастапқыда қос-қостан брейкпен алмасқан еді. Есеп 3:3 болған мезетте Бадоса тағы бір брейк жасап, алға шықты. Сосын сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.
Екінші сетте П.Бадоса брейкпен алға кетті – 4:2. Дегенмен Елена таразы басын теңестіре алды – 4:4. Есеп 5:4 болып, Рыбакина доп бергенде, испаниялық теннисші матчболын пайдалана алмады. Бұдан кейін Елена қатарынан үш геймді өз пайдасына жазды – 7:5.
Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.
Екі сағат жарымнан астам уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 12 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 5 брейкпен (15 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Елена қатарынан оныншы жеңісіне қол жеткізді.
Е.Рыбакина жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған мастерс додасының ширек финалына шығу үшін әлемнің 39-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенс немесе рейтингте 41-сатыдағы хорватиялық Петра Мартичтің біреуімен таласады.
Өткен жылы осы жарыста Е.Рыбакина үшінші айналымға дейін жеткен еді.