Электр энергетикасы – өнеркәсіп негізі

22 Желтоқсан 2020, 16:32
3702
Бөлісу:
Электр энергетикасы – өнеркәсіп негізі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Энергетика саласына 40 жылын арнаған Несіпқұл Бертісбаев сала мамандарын Энергетиктер күнімен құттықтап, өзінің қызмет жолын еске алды. 

Шаруашылықтың аса маңызды салаларының бірі – электр энергетикасы. Бұл сала өнеркәсіп пен қоғамның барлық өндіргіш күшінің аумақтық орналасуы мен дамуына әсер етеді. Сол себепті де, электр энергетикасын республика шаруашылығының жетекші саласы деуге болады. Қазақстанда желтоқсан айының үшінші жексенбісінде жер-дүниені жылумен, жарықпен және қоректендіру көзімен қамтамасыз етумен тікелей байланысты адамдардың кәсіби мерекесі – Энергетиктер күні аталып өтеді. Аталмыш салаға бар ғұмырын арнағандардың бірі – Несіпқұл Бертісбаев. Ардагер-энергетик бұл салада 40 жыл еңбек еткен. 

Несіпқұл Бертісбаев 1969 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетіне оқуға түсіп, жоғары оқу орнын 1974 жылы инженер-электрик мамандығы, «электр стансалары және қосалқы стансалар» біліктілігі бойынша тәмамдаған. Осыдан кейін Бүкілодақтық мемлекеттік жобалау-іздестіру және ғылыми-зерттеу институтының Орта Азия бөлімшесінде еңбек жолын бастайды. 

1995 жылы Министрлер кабинеті кеңсесінің ауыр өнеркәсіп бөліміне отын-энергетика кешені секторының басшысы болып жұмысқа жіберіледі. 1996 жылы ҚР Энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрінің орынбасары қызметін атқарады. 1997-1998 жылдары елордаға көшкеннен кейін электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаментін басқарып, 2015 жылы ҚР Мемлекеттік энергия қадағалау комитеті төрағасының орынбасары болады. 2016 жылдан бері құрметті зейнеткерлік демалыста. 

Қазақстанның энергетика саласында өткен ғасырдың 60-жылдарында көп жұмыс атқарылды. Жамбыл, Ақсу, Екібастұз, Қарағанды өңірлерінде ірі ГРЭС-тер салынып, еліміздің энергожүйесі құрылды. Саланың дамуына орасан үлес қосқан мамандар арасында Болат Нұржанов, Халық Абдуллаев сынды біздің ұстаздарымыз бар, - дейді ол. 

Несіпқұл Бертісбаевтың айтуынша, отандық электроэнергетика саласындағы ең қиын кезең тоқсаныншы жылдарға тап келген. 

Ол кезде электр станцияларында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ғана емес, отын сатып алу, жылуға төлем жасау, жалақы төлеу сияқты ағымдағы қызмет үшін де жеткілікті қаржы ресурстары болған жоқ. Жарықсыз, жылусыз отырған отбасылар көп еді. Апаттар да жиі болып жататын. Сол кезде Үкімет саланың қаржылық көрсеткіштерін тұрақты жағдайға келтіру үшін қаржылық мүмкіндіктері бар инвесторларға электр станциясын жекешелендіруді жүргізуге рұқсат беретін қадамға барды. Осыдан кейін 1995 жылы ТМД елдері арасында біздің ел бірінші болып салаларды қайта құрылымдауды, энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдарды жеке компанияларға бөлуді бастадық. Тұтынушыларды тәртіптік шеңберге келтіргенге дейін төлем жасамағандармен қатаң күрес жүргізілді. Мұндай шара нәтиже көрсетті. Саланың жағдайы түзеле бастады. 2000 жылға қарай ел тұтынушыларын электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ете алатын дәрежеге жеттік, - деп еске алады Несіпқұл Бертісбаев. 

Яғни, сол кездегі электр станциялары мен энергия беруші ұйымдардағы жабдықтарының әбден тозығы жеткен еді. Негізгі проблема осында жатты. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарын жеткілікті көлемде жүргізу, жұмыс істеп тұрған нысандарды қайта жаңғырту, жаңа нысандарды салу үшін инвестициялық компоненттерді анықтау және табу мәселесі өткір тұрды. 

Қазақстанның электр энергиясына деген жеке қажеттіліктері өзінің энергия көздері есебінен толық қамтамасыз етілді. Біз электр энергиясын басқа елдерден сатып алмадық. Тіпті қазірдің өзінде жыл сайын қажеттілік өсіп келе жатқанына қарамастан, өзіміз тұтынып отырғаннан да мол электр энергиясын өндіреміз. Сол жылдары орнатылған және орындалған бұл қор Қазақстанның қазіргі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр, - деді ол. 

Осы арада электр энергиясының өндірісін Қазақстанда түрлі меншік нысанындағы 158 электр станциясы жүзеге асыратынын айта кету керек. ҚР Энергетика министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі жүктемелердің жылдық ең жоғары деңгейі өткен КҚК-ға 2019 жылғы 26 қарашада тіркелді және 15 182 МВт құрады. 2020 жылғы 1 қаңтарға Қазақстан электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 22 936,6 МВт, қолда бар қуаты-19 329,7 МВт құрады. 

Электр энергетикасы – тұрмыстың, өнеркәсіптің негізі. Биыл 22 желтоқсанда ГОЭЛРО жоспарының 100 жылдығы атап өтіледі (ГОсударственный план ЭЛектрификации РОссии). Яғни, елді электрлендіру жоспары әзірленді. Елімізде кәсіби мереке желтоқсанның үшінші жексенбісінде мерекеленеді. Қазақстанның барлық энергетигін 100 жылдық мерекесімен құттықтап, жұмыста табыс тілеймін, - деді Несіпқұл Бертісбаев. 

Ардагер сөз соңында «жылдың әр күнінде халықтың игілігі үшін тынбай еңбек етіп жүрген энергетиктерді халық тек жылу, жарық жоқ кезде ғана еске алмай, үнемі назарда ұстаса екен», деген тілегін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы