Сайлаушыларды тіркеу туралы бейнеролик бір айда 623 рет көрсетілген

22 Желтоқсан 2020, 16:29
1491
Бөлісу:
Сайлаушыларды тіркеу туралы бейнеролик бір айда 623 рет көрсетілген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды.

2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауында сайлаушылардың тізімдерін сайлау комиссияларына ұсыну мәселесі бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасап, Ортсайлаукомның азаматтарды тексеру және оларды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жүргізген жұмысына тоқталды.

Сайлау науқаны шеңберінде Ортсайлауком сайлаушылар тізімімен жұмыс істеуге арналған жеке отырыс өткізді. Отырыс қорытындысы бойынша ОСК-ның сайлаушыларға Үндеуі және сайлаушылар тізіміне енгізу тәртібі туралы түсіндіру-плакат қабылданды. Сонымен қатар 2020 жылдың 10 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында республикалық телеарналарда 623 рет «азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы» бейнеролик көрсетілді. Ұқсас тақырып бойынша аудиоролик республикалық радиостанциялардың эфирінде 642 рет шықты. Осы мәселе бойынша баспа басылымдарында 12 модуль басылды. 5 үздік интернет-ресурстарда осы тақырып бойынша баннердің ротациясы қамтамасыз етілді, көрушілер саны – 47,6 млн. Жергілікті атқарушы органдар call-орталықтардың жұмысын ұйымдастырды, онда сайлаушылар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алды. Call-орталықтар сайлау науқаны басталғаннан бері жұмыс істеп келеді, осы уақыт ішінде оларға 42 мыңға жуық өтініш келіп түсті, - деді ол.

Константин Петров 26 желтоқсаннан бастап әрбір азамат тиісті сайлау комиссияларының үй-жайларындағы сайлаушылар тізімдеріндегі өзі туралы деректерді тексеруге құқылы екенін жеткізді.

Азаматтар тізімге енгізілмегені, дұрыс енгізілмегені немесе тізімнен шығарылып тасталғаны, сондай-ақ тізімдердегі сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жіберілгені үшін шағымдана алады. Сайлаушылар тізімдеріне енгізу, олардан шығару не сайлаушылар тізімдеріне түзетулер енгізу қажеттігі туралы арыздарды тиісті сайлау комиссиясы арыз келіп түскен күні қарайды. Арызданушы үшін дұрыс шешім қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар тізіміне түзетуді немесе енгізілмеген сайлаушыны тізімге енгізуді дереу жүргізеді. Өтініш қабылданбаған жағдайда сайлау комиссиясы өтініш берушіге оның өтінішін қабылдамау туралы дәлелді шешімнің көшірмесін кешіктірмей береді. Шешімге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиісті сотқа шағым жасалуы мүмкін, сот шағымды келіп түскен күні қарайды. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізуге тыйым салынады. Сайлау учаскелері бойынша, азаматтардың уақытша болатын орындарындағы (демалыс үйлеріндегі, санаторийлердегі, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелердегі, алыс мал шаруашылығы учаскелеріндегі, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларындағы, сондай-ақ шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы сайлаушылар тізімдері сайлаушыларға танысу үшін дауыс берілетін күнге дейін бес күн бұрын ұсынылады және дауыс берілетін күннің алдындағы күнгі жағдай бойынша міндетті түрде нақтылануға тиіс, - деді Петров.

Айта кетейік, отырысқа саяси партиялардың өкілдері, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиялары, бейнеконференцбайланыс режимінде аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарының басшылары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы