Елді алдап келген жалған өрт сөндірушілер ұсталды

30 Маусым 2020, 14:47
1960
Бөлісу:
Елді алдап келген жалған өрт сөндірушілер ұсталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысында өздерін өрт сөндірушілер ретінде таныстырған алаяқтар ұсталды. Бұл туралы Алматы облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Ер азамат пен әйел адам әрдайым бір қылмыстық схема бойынша әрекет еткен. Олар азық-түлік дүкендеріне тексеріспен келіп, онға жуық дүкен иесін алдап кеткен. Ескелді ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне аудандағы ауылдардың бірінің 46 жастағы азық-түлік дүкен иесі екі белгісіз адамға қатысты шара қолдану туралы арызданған. Өздерін өртке қарсы қызмет қызметкерлері ретінде таныстырған күдіктілер алдау жолымен дүкен иесінің ақшалай қаражатын иемденіп кеткен.

Қазіргі таңда жақын маңдағы ауылдардан тағы бірнеше алданған дүкен иелері анықталды. Алданғандар тізімі әлі де ұлғаюы мүмкін. Қылмыстық “дуэт” әрқашан бір схема бойынша әрекет еткен. Өздерін өртке қарсы қызмет қызметкерлері ретінде таныстырған күдіктілер, фотосуреттері мен мөрлері бар қызметтік куәліктерін зардап шегушілер нақты таныса алмайтындайғып көрсетіп, бірден тексеруге кірісіп, түрлі заң бұзушылықтарды таба бастаған. Кейбірінде өрт сөндіру құралдары болмаған, ал өзгелерінде өрт сөндіргіштердің мерзімі өтіп кеткен. Олар тіпті пешпен жылыту орны ағаш конструкцияларының оттан қорғау құралдарымен сіңдірілмеуіне және одан өзге мәселелерге қатысты заң бұзушылықтарды тапқан. Содан кейін мәселені бейбіт түрде, хаттама жасамай шешуді ұсынып, жәбірленушілерді ақша беруге итермелеген. Қалағандарын алғаннан кейін олар өз бетімен кете барған, – дейді Алматы облысы Ескелді ауданы полиция бөлімінің бастығы Жанат Құдайбергенов.

Алаяқтарды анықтау үшін тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылып, күдіктілер қысқа уақыт аралығында Алматы қаласының көшелерінен ұсталды. Күдіктілердің Сарқан ауданының 35 жастағы және Тараз қаласының 26 жастағы тұрғыны екені анықталды. Олар оңтүстік астанада жалдамалы пәтерде бірге тұрған. Ұсталған адамдар уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында ұсталғандардың облыс аумағындағы басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі. Қылмыстық іс ҚР ҚК 190-бабы 3-б. 4-т. бойынша тергеліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы