Елден шығарылған шетелдік Қазақстанға қайта заңсыз кірген

Сот шешімімен елден шығарылған азаматқа Қазақстанға кіруге тыйым салынған. Алайда ол шекараны заңсыз кесіп өтіп, Ақтөбеде ұсталды.

Бүгiн 2026, 19:52
АВТОР
 Ақтөбе облысы Полиция департаменті Бүгiн 2026, 19:52
Бүгiн 2026, 19:52
122
Фото: Ақтөбе облысы Полиция департаменті

Ақтөбе қаласында «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Қазақстан аумағына заңсыз кірген шетел азаматы ұсталды.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің мәліметінше, көршілес мемлекеттің 38 жастағы азаматы бұған дейін де еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысындағы соттың шешімімен ел аумағынан шығарылған.

Алайда оған Қазақстанға кіруге тыйым салынғанына қарамастан, ер адам мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, елімізге қайта келген. Алдын ала мәлімет бойынша, ол оңтүстік өңірлер арқылы жаяу өткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында шетелдіктің Ақтөбе облысының аумағында жүргені анықталды. Кейін полиция қызметкерлері оны Ақтөбе қаласында ұстап, қамауға алды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабы («Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, 8-12 маусым аралығында елімізде көші-қон қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Шараның алғашқы күнінде Ақтөбе облысында көші-қон заңнамасын бұзған 70 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 105 елдің азаматы Қазақстанға электрондық визамен кіре алады. Қазақстанда шетелдіктерге арналған QazETA қосымшасы әзірленіп жатыр.

Анықталғандай, Қазақстан шекарасында 62 қылмыстық іс қозғалды. Мамырда шекарада 3,8 мыңнан астам заң бұзушы ұсталды.

Наверх