Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тариф 2019 жылдан бастап қайта қаралмады және бастапқыда қажеттілікке сәйкес келмеді. Айта кетерлігі, 2015 жылғы есептеулерге сәйкес тариф 700 мың теңгені құрауы тиіс еді. Алайда іс жүзінде 590 мың теңге/МВт бекітілді. Бұл ретте, электр энергиясына тарифтерді тежеу жөніндегі қазіргі саясатта инфляцияның өсуі толық көлемде ескерілмеді, бұл саланың инвестициялық тартымдылығына да әсер етті. Осы тәсілді қайта қарау ұсынылады. Энергия кәсіпорындары жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін инфляция деңгейіне индекстеуді көздейтін болжамды тарифтік саясат талап етіледі, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, электр энергиясын сатудан түскен қаражат және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтер есебінен жылу энергиясын өндіруге жұмсалған шығындарды өтеу мәселесі де қайта қаралуы тиіс. Яғни қарсы тоғыспалы субсидиялау алынып тасталады.
Тұтынушылардың жекелеген санаттарын тарифтердің өсу ықпалынан қорғау үшін бүгінгі тәжірибені ескере отырып, атаулы субсидиялау шарттары жасалады. Жылу энергетикасының әлеуметтік аспектісін ескере отырып, инвестицияларды тартуды ынталандыратын және инвестицияларды қайтару кепілдігін қамтамасыз ететін гибридті модельді енгізу қажет болады. Ол жылу энергетикасын бюджеттік қаржыландырудың қолданыстағы тетіктерінен және меншік иелерінің инвестициялау жөніндегі тиісті міндеттемелерінен тұрады, - деді Болат Ақшолақов.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр электр қуаты нарығындағы инвестиция шегі 100 млрд теңгеге ұлғайтылатыны туралы айтқан болатын.