Елде жыл сайын 1800 әйел жатыр мойны обырына шалдығып, тең жартысы көз жұмады

17 Қараша 2023, 11:44
754
Бөлісу:
Елде жыл сайын 1800 әйел жатыр мойны обырына шалдығып, тең жартысы көз жұмады
PHOTO
Фото: ДДСҰ Қазақстандағы өкілдігі

Қазақстанда 1800 әйел жыл сайын жатыр мойны обырына шалдығады, жылына 600 әйел осы патологиядан көз жұмады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

16-17 қараша күндері Астанада «АПВ, тоқта!» ұранымен жатыр мойны обырын емдеп жазуға арналған жаһандық іс-қимыл күнінде «Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинацияға жаппай қолжетімділік, тиімді коммуникация және тұрғылықты халықпен өзара байланыс арқылы жатыр мойны обырын емдеп жазу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәслихат өтті.

Іс-шараны Еуропалық одақтың қаржыландыруымен Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстандағы ДДСҰ өкілдігі, Назарбаев университетінің Медицина мектебі ұйымдастырды.

Елде жыл сайын 1800 әйел жатыр мойны обырына шалдығып, тең жартысы көз жұмады

Халықаралық мәслихат иммунизация, онкологиялық аурулармен күресу, ұрпақ өрбіту саулығы және жасөспірімдер денсаулығы жөніндегі ұлттық бағдарламалар арасындағы өзара байланыс пәрменін арттыратын алаңқай қызметін атқарды.

Қатысушылар ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының қызметкерлері, эпидемиология, гинекология, онкология саласындағы халықаралық сарапшылар, сондай-ақ жетекші халықаралық және ұлттық зерттеу орталықтарының, ғылыми орталардың, медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері, облыстық денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларының басшылары, Ұлттық онкологтар қауымдастығының, Ұлттық акушер-гинекологтар қауымдастығының, Ұлттық педиатрлар қауымдастығының мүшелері болды.

Аталып өткен деректер:

- Жатыр мойны обыры бүкіл дүниежүзіндегі әйелдер арасында таралуы бойынша обырдың төртінші түрі; бағалау бойынша, 2020 ж. 604 000 жаңа ауру жағдайы және соның салдарынан 342 000 өлім оқиғасы болды. Жаңа ауру және өлім жағдайларының 90% шамасы 2020 ж. табыс деңгейі төмен және орташа елдерде болған.

- Жатыр мойнының обыр алдындағы күрделі зақымдануының 50% дерлігін екі АПВ типі (16 және 18) туындатады.

- АПВ, ең алдымен, сексуалдық қатынастар кезінде беріледі, сөйтіп адамдардың көпшілігі жыныстық қатынасқа түсе бастаған соң тез арада АПВ инфекциясын жұқтырады. Ауру жұқтырғандардың 90%-дан астамында инфекция түпкі нәтижеде өзінен өзі жоғалады.

- Жатыр мойны обырының алдын алудағы экономикалық тиімді әдіс обыр алдындағы зақымдануды скринингтеу және емдеумен бірге АПВ инфекциясына қарсы вакцинация.

- Жатыр мойны обырынан, егер ол бастапқы сатыда диагностикадан өтсе және емдеу кідіріссіз басталған болса, сауығуға болады.

- Жатыр мойны обырымен кешенді күресуде бірінші профилактика (АПВ ауруына қарсы вакцинация), екінші профилактика (обыр алдындағы зақымдануды скринингтеу және емдеу), үшінші профилактика (жатыр мойнының инвазиялық обырын диагностикалау және емдеу) және паллиативті көмек қамтылады.

Елде жыл сайын 1800 әйел жатыр мойны обырына шалдығып, тең жартысы көз жұмады

Қазақстандағы жатыр мойнының обыры барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша сүт безінің обырынан кейінгі обырдың екінші түрі және фертильді жастағы (15-44 жас) әйелдер өліміне себеп болу жиілігі бойынша сүт безінің обырынан кейінгі обырдың екінші түрі. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша Қазақстанда 1800 әйел жыл сайын жатыр мойны обырына шалдығады, жылына 600 әйел осы патологиядан көз жұмады. Осылайша, адам папилломасының вирусымен астасқан ауру зор ауыртпалық арқалап келеді.

Елде жыл сайын 1800 әйел жатыр мойны обырына шалдығып, тең жартысы көз жұмады

Үздіксіз көрсетілетін медициналық көмектің барлық сатыларында жатыр мойнының обырына қатысты тексерілген және тиімді стратегиялар бар. Бұл - Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация, обыр алдындағы жай-күйлерді скринингтеу және емдеу, ерте сатылардағы инвазиялық обырды кідіріссіз емдеу және паллиативті көмек көрсету. 2023 жылы қазанда Үкімет бүкіл әлемде АПВ ауруына қарсы вакцинация енгізу қамтылатын 2023-2027 жылдарға арналған Онкологиялық аурулармен күресу бойынша кешенді жоспарды бекітті. Аталған жоспар негізгі бес бағыттан тұрады: қауіп факторларының алдын алу және оларды басқару, тиімділігі жоғары ерте диагностикалау, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативті көмек және оңалту, кадр әлеуетін және ғылымды дамыту. Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрі 2023-2025 жылдарға арналған елдегі 11 жасар қыз балаларды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялауды енгізу жоспарын бекітті.

Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес, біздің елімізде балалар басқарылатын 12 инфекцияға қарсы мемлекет есебінен егіледі. Енді Қазақстанның Ұлттық иммунизация бағдарламасына адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация қосылады, вакцинаның бірінші дозасы 2024 жылғы қыркүйекте 11 жасар қыздарға енгізіледі. АПВ ауруына қарсы вакцина енгізу жатыр мойнының обырын болдырмауға ықпал етеді. Жасөспірім қыз балаларға жасалатын жоспарлы вакцинация келешекте жыл сайын 1 800 ауру жағдайын және болашақта жатыр мойны обырынан болатын 600-ге жуық өлім оқиғасын болдырмауға мүмкіндік береді.

Елде жыл сайын 1800 әйел жатыр мойны обырына шалдығып, тең жартысы көз жұмады

Жол бермеуге болатын аурудан әйелдің қайтыс болуы, бұл әділетсіздік. Олардың көбі АПВ ауруына қарсы вакцинаның қандай пайдалы болғанын көрместен өліп кетті. Қазақстанда жатыр мойны обыры жыл сайын 600 өмірді жалмайды. Біз жатыр мойны обырынан ажал құшқан немесе бүгінгі таңда осы дертпен тіршілік ететін бүкіл әйелдердің алдында қарыздармыз, сондықтан да осы өмірлік маңызды вакциналар барлық жерде қолжетімді болу үшін мүмкіндіктің бәрін жұмылдыруға тиіспіз, - деді Қазақстандағы ДДСҰ өкілдігінің иммунизациялау бағдарламасының үйлестірушісі, доктор Қанат Суханбердиев.

Іс-шарада атап көрсетілгендей, жоспарлы АПВ вакцинациясы 92 елде, оның ішінде ДДСҰ Еуропалық өңірінің 36 елінде қолданылады. Клиникалық сынақтар сатысында, сонымен қатар бұл вакцина бірнеше жыл бойы қолданылатын елдерде (АҚШ, Австралия, Канада, Дания, Ирландия. Швеция, Финляндия, Жаңа Зеландия, Шотландия) вакцинацияның жатыр мойнының обыр алдындағы зақымдануларын төмендету тиімділігінің жоғары екені көріністелді. Өз кезегінде, вакцина қыз балалардың ұрпақ өрбіту қызметіне ықпал етпей ме деген сұрақ көпті толғандырады. Жүргізілген зерттеулерге сай, вакцина қыз балалар ағзасын жатыр мойны обырынан қорғап қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтатыны анықталды.

Халықаралық мәслихат барысында ұлттық және халықаралық сарапшылар тарапынан жатыр мойны обырының алдын алу және емдеу саласында жүргізілген соңғы зерттеулер, басқа елдердегі АПВ ауруына қарсы вакцинаны енгізу тәжірибесі ұсынылды. Мәслихат бүкіл елде АПВ вакцинациясы туралы мағлұматтану бойынша ақпараттық науқан көшін бастап берді.

Сонымен қатар, журналистер үшін Presswall ұйымдастырылды, онда халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәслихаттың негізгі спикерлерімен бейресми ахуалда сұхбаттасуға мүмкіндік жасалды.

Өзгелердің жаңалығы