Елде 9 танымал әлемдік университеттің филиалдарын ашу жоспарланып отыр

12 Мамыр 2023, 12:35
1101
Бөлісу:
Елде 9 танымал әлемдік университеттің филиалдарын ашу жоспарланып отыр
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Азия университеттері альянсы (АУА) саммитінің аясында Астана қаласында өтіп жатқан ұйым президенттерінің форумына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Саммит – Альянстың негізгі іс-шараларының бірі, сондай-ақ ғалымдар, зерттеушілер мен саясаткерлер жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен даму үрдістерін талқылайтын платформа. Биыл Назарбаев Университеті қабылдаушы тарап болып отыр.

COVID-19 пандемиясы, технологиялық революция, жасанды интеллекттің дамуы және басқа да факторлардан туындаған әлемдегі қарқынды өзгерістер әртүрлі салаларда, әсіресе білім беру саласында инновациялық шешімдерге деген сұранысты арттыруда, — деді Әлихан Смайылов.

Әлемдегі үрдістерді ескере отырып, Қазақстан 2027 жылға қарай ғылыми зерттеулерді қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 1%-на дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар экономиканың барлық саласын қарқынды цифрландыру аясында Үкімет еңбек нарығына қажетті мамандарды тиісті деңгейде дайындау үшін жоғары оқу орындарының цифрлық архитектурасын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Оған қоса беделді шетелдік университеттермен арадағы ынтымақтастық нығайып жатыр. Мәселен, төрт халықаралық ЖОО Қазақстан өңірлерінде өз филиалдарын ашты. Олардың арасында University of Arizona мен Heriot-Watt University бар. 2029 жылға дейін кем дегенде тағы тоғыз танымал университетті шақыру жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта өңірлердегі қазақстандық университеттерді халықаралық деңгейдегі оқу орындарына айналдыру бойынша бастамалар іске асырылуда. Ол үшін оқу орындарын жабдықтау және зерттеу зертханаларын құру жұмыстары жүріп жатыр. Аталған орталықтар өңірлердегі стандартты көтеріп, академиялық және ғылыми дамуға ықпал ететін болады, — деді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы