Елбасының «15 жылда аю да үйренеді» деген сөзі айтылғалы да 15 жыл өтті - депутат

10 Ақпан 2021, 17:49
9823
Бөлісу:
Елбасының «15 жылда аю да үйренеді» деген сөзі айтылғалы да 15 жыл өтті - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «Мемлекеттік тіл – халықты ұйыстыру құралы» тақырыбы бойынша өткен алқалы отырыста айтты. 

Іске аспайтын стандарттың бізге не керегі бар? Ол стандарт іске асса, кеше Үкіметте министрлер қазақша жауап бере алмай тұра ма? Кез келген мемлекеттік мекемеде қазақша сөйлей алмайтындар толып жүре ме? Осы уақытқа дейін бір рет қана іске асса, неге осылай болады? Ол стандарт неге іске аспайды? ҚазТестке тоқтайық, онда қазақ тілден сынақ алады. Басқалардың барлығында 20 ұпайға дейін қойылады. Ал қазақ тілден не қойылады? 0 қойылады. Бізге керегі осындай ҚазТест пе сонда? - деді Қазыбек Иса. 

Депутат атап өткендей, Конституцияда 7-баптың 2-тармағы бойынша қазақ тілімен қатар орыс тілі де қатар қолданылады. 

Осыдан 10 жыл бұрын айтқан сөзім бар еді, қанша миллиард жұмсалса да, ешкім қазақ тілін үйренбейді. Себебі қажеттілік жоқ. Алдымен біз іргетас қалауымыз керек. Ол - мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттейтін заң. Мемлекеттің міндеті – мемлекеттік тілді міндеттеу. Біз осыдан айналып қаша береміз. Мемлекеттік тіл деген не сөз? Бұл - басқа тілдерден үстемдік деген сөз. Ал ол бізде төмен тұр, барлық жерде ресми тіл қолданылады. Елбасы «15 жылда аю да үйреніп алады» деген еді. Солай айтқанына тағы 15 жыл өтті. 30 жыл болды. Бұл аю 2050 жылы да үйренбей отырады. Президент те мемлекеттік тіл ұлтаралық қатынас тілі болуы керек деп айтып жатыр. Қарым-қатынас тілі болмай, Үкімет қазақ тілінде сөйлемесе, ол деңгейге қалай жетеді? - деді ол. 

Ол Ұлттық кеңесте бұл бастаманы өткен жылы ұсынғанын айтты. Сол кезде ол бастаманы 125 мың адам қолдағанын да тілге тиек етті. 

Тамызда Тіл комитеті Үкіметке жіберді. Мен мемлекеттік тіл туралы депутаттық сауалымда ол заң туралы сұрадым. Неге жатыр ол? Мамин ашып көрді ме оны? Күмәнім бар. Оның ішінде қазақтар ғана емес, 50-ден астам ұлт өкілі болды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы